Бүгiн 2026, 11:05 Фото: Threads. Сайын көшесіндегі көрініс

Алматыдағы Сайын көшесіндегі автобус жолағы қаншалық тиімді болды? Урбанист пікір білдірді

Алматылық жүргізушілер Сайын көшесінде автобус жолағының пайда болғанына наразылығын білдірді.

Алматыдағы Сайын көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы автобус жолағының енгізілуі жүргізушілер арасында қызу талқыланып жатыр. Кейбірі бұл өзгерістен кейін кептеліс күшейгенін айтса, мамандар мұндай шешімнің тиімділігіне бірден баға беруге болмайтынын алға тартады.

Сәулетші-урбанист, Қазақстандағы алғашқы Урбанистика орталығының негізін қалаушы, қауіпсіз қалалық мобильділік бағыты бойынша Vision Zero Community қоғамдық қорының жетекшісі Ерқанат Зайытов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында арнайы жолақтың қалай жұмыс істеуі керегін, оның қандай жағдайда тиімді болатынын және мұндай жобаларды енгізер алдында қандай зерттеулер жүргізілуі тиіс екенін түсіндірді.

Әлемдік тәжірибе

Ерқанат Зайытовтың айтуынша, қоғамдық көлікке арналған жеке жолақ бөлу  әлемнің көптеген қаласында қолданылатын тәжірибе. Өйткені қазіргі урбанистикада қоғамдық көлікке басымдық беру – тұрақты қалалық мобильділіктің негізгі қағидаларының бірі.

Бір автобус 70-100 адамды тасымалдай алады, ал жеңіл көліктердің басым бөлігінде бір-екі адам ғана жүреді. Сондықтан көп жолаушыны тасымалдайтын көліктің жылдам әрі тұрақты қозғалуына жағдай жасау – қисынды шешім, - дейді маман.

Сонымен қатар, ол арнайы жолақ барлық көшеге бірдей жарайтын әмбебап шешім емес екенін атап өтті. Оның тиімділігі нақты жол учаскесіне байланысты бағалануы тиіс. Бұл ретте көлік ағынының қарқындылығы, автобус бағыттарының саны, жолаушылар легі, қиылыстардың ұйымдастырылуы және балама бағыттардың болуы ескерілуі қажет.

Маманның сөзінше, автобус жолағын енгізумен қатар қоғамдық көлік жұмысы да күшейтілуі керек.

Егер жалпы көлік ағынынан бір жолақ алынып, бірақ ол жолақпен әр 10-15 минут сайын бір ғана автобус жүрсе, мұндай шешімнің тиімділігіне күмән туындайды. Сондықтан автобустар санын көбейтіп, олардың қозғалыс жиілігін арттыру және қажет болса маршруттар желісін қайта қарау қажет. Сонда ғана арнайы жолақ бос тұрған жолақ емес, көп жолаушыны жылдам жеткізетін дәлізге айналады, - деді ол.

Кептелістің артуы – уақытша құбылыс болуы мүмкін

Жүргізушілердің бір бөлігі автобус жолағы енгізілгеннен кейін кептеліс көбейгеніне шағымданып жатыр. Ерқанат Зайытов мұндай жағдай алғашқы апталарда, тіпті бірнеше ай бойы байқалуы мүмкін екенін айтты. Ол бұл – жүргізушілердің жаңа қозғалыс сызбасына бейімделу кезеңі деп түсіндірді.

Сонымен қатар, урбанист автобус жолағының негізгі мақсаты көліктерге арналған кептелісті азайту емес екенін ерекше атап өтті.

Арнайы жолақтың басты міндеті – қоғамдық көліктің қозғалысын жылдам, тұрақты әрі сенімді ету. Егер автобус бұрынғыдан әлдеқайда тез жүріп, адамдар үшін тартымды көлікке айналса, уақыт өте келе кейбір жүргізушілер жеке көліктен қоғамдық көлікке ауыса бастайды. Жолдағы жүктемені азайтатын да – осы біртіндеп болатын өзгеріс, - дейді ол.

Алайда автобус жолағы енгізілгеннен кейін автобустар саны артпаса, маршруттар өзгермесе және жолақтың өзі көбіне бос тұрса, мәселе идеяның өзінде емес, жобаның толық жүзеге аспағанында екенін айтты.

Мұндай жағдайда автобус санын көбейту, маршруттарды оңтайландыру және тасымал сапасын жақсарту қажет. Сонда ғана арнайы жолақ өзінің негізгі қызметін атқара бастайды, - деді Зайытов.

Жолақ сызу ғана жеткіліксіз

Урбанистің айтуынша, мұндай жобаларды іске асыру тек жолақ сызып қоюмен шектелмеуі тиіс.

Алдымен кешенді көліктік зерттеулер жүргізіледі. Атап айтқанда, өзгеріске дейінгі және кейінгі көлік ағындары модельденеді, қарбалас уақыттағы қозғалыс қарқындылығы зерттеледі, қоғамдық көліктің жолаушылар легі есептеледі, қиылыстардың өткізу қабілеті бағаланады, бағдаршамдардағы кідірістер талданады, көлік ағындарының көрші көшелерге қалай бөлінетіні болжанады және жол қозғалысы қауіпсіздігіне ықпалы сараланады, - дейді маман.

Көптеген қалада мұндай өзгерістер алдымен арнайы көліктік бағдарламаларда модельденіп, кейін енгізілген соң нақты нәтижелерге мониторинг жүргізіледі. Егер көрсеткіштер болжаммен сәйкес келмесе, қозғалысты ұйымдастыру жүйесіне түзетулер енгізіледі.

Жолақтың сызылуы – үлкен инженерлік жұмыстың соңғы кезеңі ғана. Алдын ала есептеулер мен кейінгі талдау болмаса, дұрыс идеяның өзі күткен нәтижені бермеуі мүмкін, - деді ол.

Арнайы жолақ тиімді болуы үшін не істеу керек?

Ерқанат Зайытовтың пікірінше, автобус жолағы жеке бастама емес, кешенді көлік саясатының бір бөлігі болғанда ғана нәтиже береді.

Ол үшін автобустар санын көбейтіп, олардың жүру жиілігін арттыру, маршруттар желісін оңтайландыру, бағдаршамдар мен қиылыстардың жұмысын үйлестіру, арнайы жолаққа заңсыз көлік қоюға жол бермеу, бағыттар арасында ыңғайлы ауысу мүмкіндігін жасау және автобус қозғалысы мен жолаушылар легіне тұрақты мониторинг жүргізу қажет, - дейді урбанист.

Сонымен қатар маман мониторинг нәтижелерін халыққа ашық жариялаудың маңызын атап өтті.

Егер тұрғындар күн сайын ондаған мың адамның жолда 15-20 минут уақыт үнемдеп жатқанын көрсе, мұндай жобаларға деген көзқарас та өзгереді, - дейді ол.

Оның айтуынша, автобус жолағы – өз алдына мақсат емес, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыратын құралдардың бірі ғана және ол басқа шаралармен қатар жүзеге асқанда ғана толық нәтиже береді.

Жобаны кейін қайта қарауға бола ма?

Урбанист кез келген көліктік шешімге қоғамдық пікірге емес, нақты деректерге сүйеніп баға беру керек екенін айтты.

Оның сөзінше, алғашқы қорытындыны бірнеше айдан кейін жасауға болады, алайда жобаның толық тиімділігін 6-12 ай өткен соң бағалаған жөн. Осы кезеңде автобустардың қозғалыс жылдамдығы, жүргізушілердің жол жүру уақыты, арнайы жолақ талаптарының сақталуы, жолаушылар санының өзгеруі және жол қауіпсіздігі көрсеткіштері жан-жақты талданады.

Егер жиналған деректер күтілген нәтижеге қол жеткізілмегенін көрсетсе, шешімді қайта қарау – әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс.

Бұл арнайы жолақтың жұмыс уақытын өзгерту, қозғалыс сызбасын қайта қарау, бағдаршамдарды қайта баптау, автобус маршруттарын қайта бөлу немесе басқа инженерлік шешімдер болуы мүмкін, - деді Зайытов.

Маманның айтуынша, қазіргі көліктік жоспарлау «бір рет жасап, мәңгі қалдыру» қағидасына емес, тұрақты мониторинг жасап, жүйені үздіксіз жетілдіру қағидасына негізделеді.

Сондықтан жобаға түзету енгізу қажет болса, бұл бастапқы идея қате болды деген сөз емес. Ең бастысы - барлық шешім нақты көліктік деректерге, өлшеулерге және кәсіби талдауға сүйеніп қабылдануы керек. Жекелеген жүргізушілердің субъективті пікірі ғана негіз болмауы тиіс, - деп түйіндеді урбанист.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Сайын көшесіндегі автобус жолағы кептелісті азайтудың орнына күшейтіп жіберді