Алматыдағы Сайын көшесіндегі автобус жолағы кептелісті азайтудың орнына күшейтіп жіберді
Арнайы жолақ іске қосылғаннан кейін қала жүргізушілері жолдағы жағдайдың нашарлағанына шағымдана бастады.
20 маусымнан бастап Алматыдағы Сайын көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ іске қосылған болатын. Жаңа қозғалыс сызбасы пилоттық режимде Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта енгізілді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, арнайы жолақ қоғамдық көліктің қозғалысын жеделдетіп, көлік ағынын реттеуге және қаланың ең қарбалас учаскелерінің біріндегі жол қауіпсіздігін арттыруға тиіс болған.
Әкімдік өкілдері жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі кідіріссіз жүруіне мүмкіндік беретінін, сондай-ақ кептелістің қоғамдық көлік қозғалысына әсерін азайтатынын мәлімдеген.
Алайда арнайы жолақ іске қосылғаннан кейін қала жүргізушілері жолдағы жағдайдың нашарлағанына шағымдана бастады.
Автобусқа арналған арнайы жолақты не үшін жасады? Автобустар бәрібір ауладан шыққан көліктер жол бергенше тұрып қалады ғой. Енді бұрынғыдан да көп кептеліс болатын шығар. Мұны ойлап тапқандардың шешімін түсіну қиын, қазір бұл жолмен жүрудің өзі мүмкін болмай қалды. Бұрын көпірдің астынан еш қиындықсыз шығатын едік, ал енді не болады? Оқу басталғанда көпірдің асты да кептеліске толады, өйткені ол жерден шығу өте қиын болады. Соның салдарынан көпір астында да кептеліс пайда болады. Оң жақ жолақтан айырыламыз, сөйтіп үш жолақтың орнына екеуі ғана қалады. Осындай жағдай барлық жерде қайталанады.
Алматы нағыз бейберекет қалаға айналып барады. Мұнда әркім өз шаруасын өзгелерден маңызды санайды. Қалада мәдениет те, тазалық та жоқ, айнала толған агрессия мен өшпенділік. Қоғамдық орында төбелес шығарғандарды қатаң жазалау керек. Жолды жауып тастайтындай олар кім соншалық?
Бұрын жолды Тимирязев көшесіне түспейтіндей етіп жоспарлайтынмын. Енді Сайын көшесінен де айналып өтетін боламын, - дейді алматылықтар.
Таңертеңнен бері әлеуметтік желілерде Сайын көшесіндегі бірнеше шақырымға созылған кептелістердің видеолары жарияланып жатыр.
Жүргізушілердің айтуынша, автобус жолағы енгізілгеннен кейін кейбір учаскелерде көлік қозғалысы айтарлықтай баяулаған.
Көлік иелері жолақтар арасында жиі ауысуға мәжбүр болғандықтан, жүргізушілер арасындағы келіспеушіліктер де көбейгенін айтады.
Олардың пікірінше, қалған жолақтарға түсетін жүктеме артқандықтан, кептеліс күшейген.