6 Тамыз 2026, 17:45 Фото: Фото: Threads

Алматыдағы саябақта ер адам балаларға шабуыл жасаған: Анасы оқиғаның мән-жайын айтты

Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты әзірге ресми жауап берді.

Алматылық Гаухар есімді тұрғын әлеуметтік желіде «Атакент» маңындағы саябақта белгісіз ер адамның балаларға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға бүгін таңғы сағат 08:00 шамасында балалардың жаттығуы кезінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әйелдің сөзінше, ер адам балаларға айқайлап, қазақтарды жек көретінін айтып, оларды пышақтап кететінін айтып қорқытқан.

Алдымен ол қыз баланы ұрмақ болды, бірақ қыз жалтарып үлгерді. Кейін менің 10 жастағы ұлымның көзіне жұдырықпен соқты. Баламның көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қатты қорқып, қашып кеткен, – дейді ол.

Гаухардың айтуынша, оқиға орнында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік даярлық орталығының әскери қызметшілері болған.

Олар күдіктінің соңынан қуып жетіп, ұстап, «102»-ге хабар берген және оны полиция қызметкерлеріне тапсырған.

Бүгін менің балам зардап шекті. Ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін. Балалар қашып үлгергені жақсы болды. Егер оның жанында шынымен пышақ болғанда, салдары қайғылы болуы мүмкін еді. Қауіп тек менің балама емес, басқа балалардың өміріне де төнді, – деп жазды ол.

Алматылық әйел ересек адамның қорғансыз балаға қол көтергені үшін заңда барынша қатаң жаза қарастырылуы тиіс деп есептейді.

Ересек адам баланың өзіне тең қарсы тұра алмайтынын жақсы түсінеді. Балаға қол көтеріп, оны пышақтаймын деп қорқыту – жай ғана дене жарақатын салу емес. Бұл айналасындағыларға қауіп төндіретін адам, – дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай адамдарды қоғамнан оқшаулау қажет.

Бүгін ол 10 жастағы баланы ұрды. Ертең не болады? Біреуді шынымен өлтіргенін күтуіміз керек пе? Сонда ғана оны қауіпті адам деп танимыз ба?, – деп алаңдаушылық білдірді.

Бұл жағдайға қатысты Алматының полиция департаментінен ресми жауап алдық. Ведомство мәліметінше, кәмелетке толмаған балаға саябақ аумағында күш қолдану фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілген. Полицейлер бұл оқиғаға міндетті түрде құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.