Алматыдағы саябақ жойыла ма?
Алматыда Есентай өзенінің жанында орналасқан саябақ жойылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Urban Living компаниясының негізін салушы Гүлмира Байғабылова әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Алматы қалалық мобильділік басқармасы саябақтың қаладағы шу мен түтінен қорғайтынын білмей ме? Бұл жер - қаланың көрнекті орындарының бірі. Мұнда адамдар демалып, тыныштықты сезінуге келеді. Біз саябақты сақтап қалатын жақсы ұсыныстар айттық. Дегенмен, көпірде жүргізіліп жатқан жоба саябақты толығымен бұзайын деп тұр. Периметрі бойынша ағаштар саябақта жайлы атмосфера туғызды. Егер ағаштар болмаса, саябақтың түгі де қалмайын деп тұр, - дейді Гүлмира Байғабылова Facebook парақшасында.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі әл-Фараби даңғылындағы көпірді реконструкциялау аумағында барлығы 101 ағаш кесілетінін хабарлаған болатын. Сондай-ақ, 600-ден астам ағаш отырғызылатынын да атап өткен еді.
Жасыл желектерді инвентаризациялау және орман-патологиялық зерттеу материалдарына сәйкес, көпірді реконструкциялау аумағында барлығы 101 ағаш кесілген, бұл ағаштар велосипед жолдарының, тротуарлар мен пандустардың конструкциясына түзетулер енгізу үшін алынады, қалған 28 ағашты сақтап, 10 ағашты трансплантациялауға болады. Есентай өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялаған соң, әл-Фараби даңғылының бойына 600-ден астам ағаш отырғызылады, - делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі бұл көпір апатты деп танылған еді. Алматы қалалық ұтқырлық басқармасының жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Айдос Желдікбаевтың мәліметінше, жобада жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін солтүстік және оңтүстік жағынан екі велошеру көпірі қарастырылған.