Алматыдағы Саин көшесінде жылдамдық шектелді
Көшеде арнайы жаңа сызба жасалды.
Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аралығында жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасына өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл өзгерістер қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру жұмыстары аясында жүзеге асырылып отыр.
Бекітілген жаңа сызбаға сәйкес, қолданыстағы қозғалыс жолақтарының ені қайта бөлініп, нәтижесінде аталған учаскеде төрт қозғалыс жолағы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және Саин көшесінің Райымбек даңғылымен және Төле би көшесімен қиылысындағы көлік айрықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, осы аралықта көлік құралдарының ең жоғары жылдамдығы сағатына 60 шақырым болып белгіленді.
Қала әкімдігі жүргізушілерден жол қозғалысының жаңартылған талаптарын сақтап, жол белгілеріне мұқият болуды сұрады.
Еске салайық, биыл 20 маусымнан бастап Алматыдағы Сайын көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ іске қосылған болатын. Алайда бұл өзгеріс желіде қызу талқыланған еді. Артынша урбанист Ерқанат Зайытов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында арнайы жолақтың қалай жұмыс істеуі керегін түсіндірген еді.