Алматыдағы Резиденция ғимараты неліктен бұзылатыны айтылды
Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қираған және өртенген Президенттің Алматы қаласындағы резиденциясын бұзу себептерін атады.
Басқарма таратқан мәліметте Қазақстандық көпсалалы қайта құру және даму институты (ҚазҚДКИ) сарапшыларының түпкілікті қорытындысы шыққаны айтылады.
Өрттің және аса жоғары температураның салдарынан барлық тіреуіш құрылымдары мен шатырдың негізі болып табылатын металл элементтері зақымдалған. Ғимараттың сақталған фрагменттерінде ыстың иісін толығымен жою мүмкін емес. Сонымен қатар бүгінгі таңда объектінің құрылымдық элементтерінің бір бөлігі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді, – делінген хабарламада.
Ғимараттың негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және оны сейсмикалық күшейту үшін көп мөлшерде капиталдық салым қажет көрінеді.
Сарапшылардың пікірінше, Резиденция ғимаратын қайта жабдықтап, оны пайдалану қауіпті.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сай осындай мәртебесі бар объектілерге қатысты талап етілетін, Республикалық маңызы бар тарихи ескерткішті бұзуға қатысты барлық рәсімдер сақтала отырып жүзеге асырылатын болады, – делінген хабарламада.