Алматыдағы ҚазҰУ-де пәк қыздар туралы деректі кім таратқаны белгілі болды

ҚазҰУ құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету департаменті ЖОО студенттерінің дербес деректерінің әлеуметтік желіде тарап кетуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

6 ақпанда университетке медициналық қызмет көрсететін "Smart Health University City" ЖШС медбикесі Whatsapp мессенджері арқылы флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін "Механика-математика" факультетінің 3-4-курс студенттерінің тізімі бар Excel форматындағы құжаттарды осы факультет деканатының маманы Ж.Смағұловаға жіберген, - делінген департамент таратқан хабарламада.

Алайда Whatsapp арқылы жіберілген құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен басқа, медициналық құпияға жататын мәліметтері де болған.

Кейін мессенджерлер арқылы университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпия саналатын дербес деректер мен мәліметтер тарап кеткен. Осы факт бойынша 14 ақпанда университетте қызметтік тексеру басталды және Алматы прокуратурасына осы факт бойынша прокурорлық қадағалау шарасын қабылдап, студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап өтініш жолданды, - деп атап өтті департаменттегілер. 

Айта кетейік, қазір ҚазҰУ "Smart Health University City" ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастырып жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы