Алматыдағы Қазақ радиосы қалай жұмыс істейді – Бақыт Жағыпарұлымен сұхбат

Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Мемлекет басшысының бастамасымен және ҚР Үкіметінің қаулысымен 1 қазан - Радио күні болып бекітілген еді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Қазақ радиосының Алматы қаласындағы филиалының жұмыс барысымен танысты. Ұжымның бүгінгі тұрмыс-тіршілігі мен жағымды жаңалықтарын «Шалқар» радиосының аға редакторы, белгілі журналист, ақын Бақыт Жағыпарұлы бөлісті. 

Қазіргі таңда «Шалқар» радиосының хабарларының дені осы жерден эфирге шығады. Ал «Қазақ радиосының» бағдарламалары Астана студиясынан хабар таратады. Қазіргі таңда “ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ” ЖШС Кушеров Нұртас Солтанұлы басқарып отыр. Серіктестік құрамында “Қазақ”, “ Шалқар”, “ Астана”, “ Классика” радиолары бар.
Қазақ радиосының дамуына, өркендеп өсуіне септігін тигізген барлық ардагерлердің үлесі бар. Бұның ішінде дикторлар, редакторлар, музыкалық редактор, режиссер, операторлардың – жалпы барлығының үлесі бар. 100 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосында» не бір тұлғалар қызмет етті. Былтыр туғанына 100 жыл толған дауылпаз диктор Әнуар Байжанбаев, дикторлар Мина Сейітова, Сара Омарходжаева, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Зияда Бекетова, Омархан Қалмырзаұлы, Сауық Жақанова, Ұлжан Пармашқызы, Шолпан Байғабылова, Бүркіт Бекмағамбет, Болат Біжібаев. 
Радио ардагерлері: 
Қуаныш Орманов, Руслана Құдайбергенова, Үмітжан Балтаева, Құсман Игісінов, Дүйсенбек Қанатбаев, Жолымбет Кейкелов, Мұқай Байсейітов, Таңат Досбаев, Төрехан Тасболатов, Ырыс Нүсіпова, Фарихан Атханова, Ақбол Үдербаева, Раушан Айтжанова, Райхан Оразбақова, Мұхаметқұл Смағұлов, Алтын Иманбаева, Күлсара Қабыланова, т.б ардагерлер аянбай еңбек етті (аттары аталмай қалған кісілер болса кешірім сұраймын). Бәріне құрметіміз шексіз! “ Шалқардың” бас редакторы Болатбек Төлепберген, «Музыкалық редактор Нұргүл Айтқали, техникалық инженер, саунд операторлар: Ербол Хасенов, Данияр Сатбаев, Татьяна Журко, Советхан Қоңырбаев, Ерхат Қойшыбаев, Лашын Мұратқызы, Анар Рахметолла мен Ақзер Қазыбекқызының еңбектері орасан. Қазіргі таңда «Қазақ радиосында», «Шалқар» радиосында қызмет ететін қыз-жігіттер, бүгінгі жастар өзінің хәл-қадірінше, ұлтқа, ұлттық мүдеге, мемлекеттің саясатын дамытуға, елдің жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға қолынан келгенше өз үлесін қосып келе жатыр, - деді «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы.

Оның айтуынша, қазақ даласындағы радионың тарихы тереңде. Әрі айтулы мереке – еліміздің барлық өңірінде қызмет еткен радио майталмандарының ортақ қуанышы.

Негізінде «1 қазан – «Қазақ радиосының» күні» деген ұғым тұрмауы қажет. Біздің елімізде радио саласында еңбек етіп жатқан барлық журналистердің, радио саласындағы қызметкерлердің ортақ мерекесі. Бірақ қазақ даласындағы радионың түбінде «Қазақ радиосы», ал арғы жағында Ахмет Байтұрсынұлы деген ұғым тұр. Сондықтан бұл тек қана қара шаңырақта еңбек етіп жатқан журналистердің меншіктеп алған мерекесі емес,- деді ол.

Қазақ радиосына 100 жыл, «Шалқар» радиосының 55 жылдығында Алматыдағы автобус аялдамаларының бірі «Қазақ радиосы» деп аталды. Автобус аялдамасы қазақ телевизиясының қара шаңырағы – Желтоқсан көшесі, 175 үйдің іргесінде орналасқан. 

Біз отырған қазіргі ғимарат тарихи ғимараттардың тізіміне енгізіліп, 100 жылдықтың аясында «Радио үйі» деген ескерткіш тақта орнатылған. Бұл ғимараттың өзі 1970 жылдары пайдалануға берілген. Ғимаратқа жапсарласа салынған студиямыз бар. Ғимаратта «Шалқар» радиосында берілетін бағдарламалар осы жерде тікелей эфирге шығарылады. Сондай мерейлі мерекеге орай, қазақ радиосы мен қазақ телевизиясы орналасқан ғимарат маңындағы аялдамаға радионың атын беру бастамасын Алматы қаласының әкімдігі қолдаған. Аялдамада тәулік бойы «Қазақ радиосы» тікелей эфирде қосулы. Осылайша, аялдамадағы жолаушылар «Қазақ радиосын» тыңдап тұруға мүмкіндік алды, - деді «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы. 

Еске сала кетейік, «Shalqar» радиосы – республикадағы тек қазақ тілінде хабар тарататын радио. Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,4 пайызына тарайды. Ғаламтордағы жеке сайты арқылы әлемнің әр түкпірінен тыңдау мүмкіндігі бар.

Бізде таңғы сағат 7-9 аралығында, аптаның бес күнінде «Шалқар таңы» атты танымдық, музыкалық, көңілашар бағдарламамыз бар. Оны Ерасыл Серікұлы, Мөлдір Жамбай, Әзімбек Қойлыбай, Назерке Жансерікқызы деген әріптестеріміз жүргізеді. Одан кейін күндізгі 9-10-ның аралығында «Топжарған» деген викториналық ойынды әуе толқынына шығардық. Бұл өзі бес күнде бес тақырыппен шығады. Күннің дүйсенбісінде тарихи тұлғардың алтын қордағы даусы жасырылады, екінші күні қазақ киноларының үзінділері арқылы атауын табу қажет. Ал сәрсенбінің сәтінде қазақ поэзиясындағы ақын-жазушылардың шығармалары, бейсенбі күні салт-дәсүрге қатысты, ал жұма күні әдебеттегі жауһарларды ұсынамыз. Сондай-ақ түскі 11-12 де «Бүгінгі сөз» атты қоғамның тыныс-тіршілігінен ақпарат беретін, қоғамдағы өзекті мәселелерді сарапқа салатын бағдарлама бар. Бұдан бөлек түскі 12-14:00 арасында «Түскі әуен» атты сазды, көңілашар бағдарлама бар. Радиодағы «Жәдігер» бағдарламасын Гүлбану Алпамысқызы жүргізеді. Ат спортын насихаттайтын «Жылқы жыры» бағдарламасын Бағдат Мұхтарұлы жүргізеді. Айта берсек, бізде көптеген бағдарлама бар. Қошан Мұстафаұлы, Оңғарбек Құралов, Сәрсенғали Жүзбаев, Жанар Оразымбет,  Нұржамал Хасанқызы, Гүлназ Шалабайқызы, Мейрамгүл Исатаева, Гүлбағыш Бостан, Гүлмира Нәлібай, Талант Арғынғали, Жасұлан Наурызбайұлы, Гүлнұр Омарқанқызы, Сәттібек Рақымжан секілді әріптестер “ Шалқар”радиосында жемісті еңбек етуде. Сол себептен де әрбір адамның еңбегін атап өткеніміз жөн деп санаймын,- деді «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы