Алматыдағы қауіпті үйлер анықталды: 71 үй тектоникалық жарықтың үстінде тұр
Қазіргі таңда Алматыда реновацияны қажет ететін 1 403 ескі тұрғын үй бар.
Алматы қаласында тұрғын үй қорын жаңғыртуға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейін қаладағы 1 403 ескі көппәтерлі тұрғын үй реновациядан өтеді. Бұл туралы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» редакция тілшісіне берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мекеменің мәліметінше, Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 29 қарашадағы №166 шешімімен 2030 жылға дейінгі Алматы қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілген.
Бағдарламаға 1930-1980 жылдар аралығында салынған екі қабатқа дейінгі ескі көппәтерлі тұрғын үйлер енгізілген. Сонымен қатар жекеменшік тұрғын үйлер, өндірістік, коммерциялық, қоғамдық және аумақты кешенді түрде қайта жоспарлауды қажет ететін өзге де нысандар да қамтылған.
Қазіргі таңда Алматыда реновацияны қажет ететін 1 403 ескі тұрғын үй бар. Олар аудандар бойынша мынадай:
- Түрксіб ауданында - 585 үй;
- Бостандық ауданында - 269 үй;
- Жетісу ауданында - 141 үй;
- Алмалы ауданында - 135 үй;
- Алатау ауданында - 102 үй;
- Медеу ауданында - 82 үй;
- Әуезов ауданында - 65 үй;
- Наурызбай ауданында - 24 үй.
Сонымен қатар қаладағы 71 тұрғын үй тектоникалық жарықтардың үстінде орналасқаны анықталған.
Аудандар бойынша көрсеткіш:
- Бостандық ауданында - 39 үй;
- Медеу ауданында - 13 үй;
- Жетісу ауданында - 10 үй;
- Алмалы ауданында - 7 үй;
- Алатау ауданында - 1 үй;
- Әуезов ауданында - 1 үй.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, реновация бағдарламасы аясында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалалық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту көзделген.