Алматыдағы қараусыз қалған орын арт-галереяға айналды

Алматыдағы қараусыз қалған жерде алғаш рет ашық аспан астындағы көше-арт галереясы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыдағы Оспанов көшесінде қабырға суреті бар жарты шақырымға жуық жаяу жүргіншілер аймағы пайда болды. Жоба 95% орындалды.

Бұрын Достық даңғылынан Есентай өзеніне дейінгі Оспанов көшесіндегі жаяужол тар – ені 1 метр, қала тұрғындарының жүруіне ыңғайсыз болатын.

Алматы әкімінің тапсырмасымен Терренкурға жиі келушілерді ескере отырып, жаяужолды 5 метрге дейін кеңейту және ұзындығы 500 метрге жуық жаяу жүргіншілер аймағын құру туралы шешім қабылданды, - дейді баспасөзқызметі.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, абаттандыру жұмыстары осы жазда, маусым айының соңында басталған, желтоқсан айының соңына дейін аяқталады. Бүгінде тас төселген, кей жер асфальтталған, тор жәшіктен тірек қабырға тұрғызылған.

Бұл жобаның ерекшелігі ұзындығы 420 метр және жалпы ауданы 1200 м2 болатын тротуар бойындағы қабырға болды.

"Бірінші қабат" граффити-фестивалінің қорытындысы бойынша көше өнерінің перформансына қатысқан 80 суретшінің ондаған көркем шығармасы қабырғаны безендірді.

Авторлардың ойынша, қабырғадағы суреттер қазақ әліпбиінің әріптерін бейнелейді: барлық 42 таңба жалпы сюжеттік композицияға енген. Сонымен қатар арт-нысанда қаланың көрікті жерлері бейнеленген.

Бұл граффити салуға арналған Орталық Азиядағы бірінші және ең үлкен қабырға. Бұл іске барлығы 80 адам қатысты. Қалада осындай бірегей кеңістікті құру көше өнерін сүйетіндер үшін үлкен оқиға, - деді шығармашылық өкілдерінің бірі Кристина Бекмурзаева.

Қазіргі уақытта Терренкурдағы тоғанды абаттандыру және заманауи қоғамдық кеңістік құру жұмыстарының екінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы