Алматыдағы қаңғыбас иттерге қандай шара қолданылып жатыр?
Алматыда қаңғыбас иттер мәселесі толық шешімі табылмаған проблемалардың бірі ретінде қалып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ауылдық аймаққа қарағанда қала көшелерінде бос жүрген иттер аз болғанымен, қала тұрғындарына қаңғыбас иттердің шабуылдау фактілері әлі де тіркеліп келеді. Дегенмен мегаполисте жыл сайын мыңдаған қаңғыбас ит ауланады екен
Мамандардың айтуынша, иттердің ауланы айналшықтауына, бір жағынан, тұрғындардың өздері де кінәлі. Өйткені санитарлық нормаларды сақтамай, тамақ қалдықтарын кез келген бұрышқа лақтырып кететін жағдайларды жиі кездестіруге болады. Екінші жағынан, бұған тиесілі мекемелердің қалдықтарды уақытында алып кетпеуі себеп болып отыр. Ал тамағын қорғаштаған иттердің тосын мінез танытуы – табиғи заңдылық екенін айтады мамандар.
Дегенмен тұрғындар бұралқы иттердің саны артып, қоқыс жәшігін шашып, адамдарға шабуылдайтынын айтып шағымданып жатыр.
Бұралқы иттер саябақтар мен көшелерде жүретін. Енді, міне, ауламыздан да шықпайды. Қалада бұралқы ит пен мысықтың саны қашан да көп болған, алайда қазір саны азайды деп айта аламыз. Дегенмен аулада жүрген кезде иттер балаларға қарай шабуылдай ма деген қорқыныштың бары жасырын емес. Бұдан бөлек, қоқыс жәшіктерін ақтарып, шашып кететін жайттарды да көреміз. Сол себептен иттерді арнайы асырап бағатын орталықтар ашылып, оларға да қамқор болатын адамдардың табылғанын қалар едім, – дейді Наташа Черепанова есімді қала тұрғыны.
Алматыда қаңғыбас жануарларды ату шарасы жүргізілмейді. Бұл мәселеде әкімдік адамгершілік саясатын ұстанады. Бүгінгі таңда қаладағы қаңғыбас иттерді аулау үшін әлемнің көптеген дамыған еліндегідей гуманистік әдіс қолданылады. Баку қаласының тәжірибесі бойынша Алматыда жануарларды тегін кастрациялау және зарарсыздандыру, чиптеу бағдарламалары енгізілген.
Осы ретте, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде Алматыдағы бұралқы иттерді ұстау мәселесіне тоқталып өтті.
Биыл қалада 200 орынға есептелген иттерді уақытша ұстау пункті ашылды. Бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұралқы жануарларды чиптейді, емдейді, бірақ ұзақ уақыт ұстай алмайды. Заң бойынша бізде орталықтандырылған қызмет болуы керек. Аудандық әкімдіктер бұл мәселелерді өз бетінше шеше алмайды. Бұл мәселені қалалық мәслихатта талқылау жоспарланып отыр. Айта кетейік, 2023 жылдың ақпан айында Алматыда үй жануарларын ұстау мен серуендетудің жаңа ережесі күшіне енді. 2022 жылдың наурызына дейін ұсталған жануарлардың иесі табылғанға дейін үш күн бойы арнайы орында болады. Ал ешкім іздемеген жануарлар дәрі-дәрмекпен жансыздандырылады. Енді бұралқы иттер уақытша ұстау пунктінде торға немесе үйшікке орналастырылып, жұқпалы ауруларға диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Тіркелгеннен кейін жануарлардың фотосуреттері @аulau_kyzmeti Instagram парақшасында жарияланады, – деді Ерболат Досаев.
Еске сала кетейік, ҰҰВБ бағдарламасы аясында сұрауы жоқ жануарлар агрессияға тексерілгеннен кейін бирка тағылып, бұрынғы жеріне жіберіледі.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары қаңғыбас иттер адамдарға шабуыл жасаған жағдайда, салғырттыққа салынбай, жедел түрде дәрігерге қаралған жөн дейді.
Міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Ауруханалар әрбір оқиғаны бізге хабарлайды. Ал біз өз кезегінде жәбірленушінің шартты немесе шартсыз түрде емделуін қадағалаймыз және хайуанаттардың жұқпалы аурумен ауырған-ауырмағандығын тексеріп, бақылап отырамыз. Дәрігерге көрінбесеңіз, бақылаудан тыс қаласыз. Мұның соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін, – дейді Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.