Алматыдағы өрт. Хостелде шетел азаматтары да болған
Бұл хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған екен
Бұл туралы Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Таңғы сағат 5:33-те Төтенше жағдайлар департаментіне Ади Шәріпов 86 мекенжайы бойынша өрт болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Өрт орнына жеке құрамнан 46 адам және 13 бірлік техника жіберілді. 7 минутта өрт орнына келді. Бірінші қабат түтінге толған. 59 адам өздері жеке эвакуацияланды. Біздің өрт сөндірушілер жертөлеге түскенде 13 адамның мәйітін анықтады, - дейді Алматы ТЖД басшысы.
Оның айтуынша, жатақханада Өзбекстан, Пәкістан азаматтары болған.
Мекеме администраторының сөзінше, хостелде шетелдіктер - Өзбекстан, Пәкістан азаматтары және жерлестеріміз тұрған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Лабораториялық зерттеулерсіз біз алдын ала ештеңе айта алмаймыз. 13-27 қараша арасында Республика бойынша “Жатақхана” акциясы өткен. Алматыда 30-ға жуық жатақхана есепке алынған. Сол бойынша профилактикалық жұмыстар өткіздік. Өрт қауіпсіздігіне байланысты 350-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Администратордың сөзінше, бұл хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған,- дейді Нұрлан Атығаев.
Айта кетейік, бүгін Алматыда жатақхана ретінде жабдықталған жертөледен өрт шығып, 13 адам көз жұмды.