Алматыдағы өрт. 20 дан астам ерікті көмек көрсетті
Алматыда хостел аумағында болған өртке 20 шақты ерікті жұмылдырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Birgemiz» волонтерлік ұйымының еріктісі Жантөре Тәжібаев мәлімдеді.
Өрт таңғы 5.33-тен басталды. Сол уақыттан бері жатақхана маңында жүрдік. Адамдарды орналастыру кезінде көмектестік. Шетел азаматтары болғандықтан, кейбірі қазақ тілін түсінбейді. Осы ретте, керек-жарақтарын сұрастырып, жағдайларын бақылап отырмыз. Қазір төсек-жабдықтарын, ас-ауқаттарын әкеліп беріп жатырмыз. Аталған жағдайға көмек ретінде 20-25 шақты ерікті жұмылдырылды. Олар үш топқа бөленіп, зардап шекендерге көмек көрсетіп жатыр. Осы ретте 6 тіл білгенімнің пайдасы тиді. Журналистерге де шетелдік азаматтардың қазіргі жағдайын аударма арқылы жеткізіп бердім. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын, – дейді «Birgemiz» волонтерлік ұйымының еріктісі Жантөре Тәжібаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең Алматыда орналасқан хостелдердің бірінен өрт шығып, 13 адамды ажал құшты. Белгілі болғандай хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған. Онда шетел азаматтары тұрған. Сонымен қатар өрттің шығу себептерін тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет белгілі болған еді. Сондай-ақ, өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген болатын.