Алматыдағы оқиғаға байланысты 125 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды - Тұрғымбаев

 Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 6 және 7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында аса қауіпті қылмыскерлер ұсталатын тергеу изоляторларына бірнеше рет шабуыл жасалып, басып алу әрекеттері жүзеге асырылған. 

Бұл туралы Ішкі әстер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев айтты. 

Полиция барлық шабуылдарға тойтарыс берді. Бұл ретте қаруды тартып алу мақсатында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының және Шымкент қаласының аумақтық полиция басқармаларына атыс қаруы мен жанғыш заты бар бөтелкелерді қолдану арқылы көптеген шабуыл жасалды. Ал Алматыда полиция департаменті мен оның үш облыстық бөлімшесіне шабуыл жасалды, - деді Тұрғымбаев. 

Министрдің міндетін атқарушының айтуынша, қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен бақылау-өткізу пункттеріне шабуыл жасау әрекеті де болды. 

Жалпы республика бойынша тәртіпсіздіктер кезінде 400-ден астам көлік зақымданып, жойылды, оның ішінде 346 ішкі істер органдарының көлігі. Тонаушылар 100-ден астам ірі сауда нысаны мен банкті тонап кеткен. Алдын ала келтірілген шығын 87 миллиард теңгеден асады. Құзырлы органдардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында қылмыскерлер полиция қызметкерлерінің, әскери қызметкерлердің киімін киіп, заңсыз әрекеттерге барған. Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті бүкіл елде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады, - деді ол. 

Ерлан Тұрғымбаев көлік құралдарының қозғалысына, кіруіне және шығуына, құжаттарды тексеруге, жеке заттарын, автокөліктер мен жүктерді тексеруге шектеулер енгізілді, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу және басқа да шаралар қабылданғанын жеткізді. 

Оларды бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Елімізде тәртіп орнату аясында мемлекеттік қызметшілерге қатысты зорлық-зомбылық көрсету, бұзақылық, кісі өлтіру, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың мүлкін тонау және ұрлау фактілерінің барлығы бойынша 125 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. 5135 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді, оның ішінде 134 адам аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 516 азамат әкімшілік қамауға алынды. Қалғандарына қатысты тексеру және жедел іс-шаралар жүргізілуде, - деді ол. 

Сондай-ақ ол мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған кезде көлікпен және жаяу елден шықпақ болған үш жүзге жуық адам ұсталғанын айтты. 

Олардан атыс қаруы, ұрланған мүлік, соның ішінде ұялы телефондар мен ұлттық және шетелдік валютадағы ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Қазіргі уақытта елде тәртіпті қалпына келтіру бойынша терроризмге қарсы операция жалғасуда. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жағдай тұрақталды. Құқық қорғау органдары бұған дейін басып алынған әкімдіктердің барлық ғимараттарын босатты. Коммуналдық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысы қалпына келтірілуде, - деді Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Тұрғымбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы