Алматыдағы Опера және балет театры саябағының жөндеу жұмысы қашан аяқталатыны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов аудан тұрғындарымен есептік кездесуінде биыл атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

Аудан әкімі жиын барысында биыл бюджетке қатысу жобасы аясында ең көпе дауыс жинаған 69 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Оған қоса 66 аулада жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 

«Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 59 көпқабатты үй қайта қалпына келтіріледі, сондай-ақ 105 лифті жөнделеді. 67 шақырымды  инженерлік желі қайта жөндеуден өтеді. Аудандағы алты көшеде ұзындығы 6 шақырымдай кәріз жүйесі салынады. Оған қоса тағы 12 көшенің жиегі жөнделеді, олардың ұзақтығы 15 шақырымды құрайды. Райымбек-Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жол айрығы жөнделеді. 6 шақырымды тратуар төселеді және 33 шақырымды құрайтын арық желісі қайта жөндеуден өтеді, - деді Құсайынов. 

Сонымен қатар ол Желтоқсан, Наурызбай батыр, Розыбакиев көшелеріндегі ескі шамдар энергия үнемдейтін LED шамдарға ауыстырылатынын жеткізді. Сонымен қатар 84 нүктеге жарықтандыру құралы қойылады. 

Абай атындағы опера және балет театры маңындағы саябақтың жөндеу жұмысы биыл аяқталады. Сондай-ақ Әуезов пен Байтұрсынов көшелеріндегі тағы екі скверді жөндейміз. Жасыл Алматы жобасы аясында 50 мыңдай ағаш отырғызамыз,-деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы