Кеше 2026, 21:17 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Алматыдағы нөсер жаңбыр: Су басқан 24 учаске толық тазартылды

Тәулік бойы Алматы көшелері мен жолдарын күтіп-ұстауға 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылды.

Бүгін, 4 шілдеде Алматыда тәулік ішінде 10 мм жауын-шашын түсті. Ең қарқынды жаңбыр сағат 15:00-16:00 аралығында жауып, бір сағаттың ішінде 7 мм жауын-шашын тіркелді. Найзағайлы жаңбыр жалпы сағат 14:00-17:00 аралығында жалғасты.

Қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жергілікті су басу жағдайларына жедел әрекет ету үшін коммуналдық қызметтердің күшейтілген кезекшілігі ұйымдастырылды.

Жұмысқа 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік және 425 жол жұмысшысынан құралған 75 жедел бригада жұмылдырылды. Сонымен қатар, 2,3 мың құм салынған қап дайындалып, қалалық Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері де кезекшілік атқарды.

Күн ішінде қала бойынша жергілікті су басудың 26 учаскесі тіркелді. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша оның 24 учаскесіндегі су толық сорылып, жағдай қалпына келтірілді. Қалған екі учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Тәулік бойы Алматы көшелері мен жолдарын күтіп-ұстауға 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылды.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, 5-6 шілде күндері Алматыда жауын-шашынсыз, құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмысын жалғастырып, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын.