Алматыдағы Наурызбай ауданының әкімі он айдағы нәтижелерімен бөлісті
Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Назира Асылбекқызы ауданның он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жасалған жұмыстары мен негізгі нәтижелері жайында есеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Назира Асылбекқызы сөзін ауданның экономикалық жағдайынан бастады.
Барлық салада өсім байқалады. 2023 жылы 10 ай ішінде мемлекетке түсетін салық шамамен 27 млрд теңгені құраса, жалпы инвестиция көлемі 126 млрд теңгеге жетті. Ауданда 36 шағын өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,2 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері 8300 жаңа жұмыс орны ашылды,- деді ол.
Аудандағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі тұрғындары мемлекеттің қолдауында және қорғауында екендігін жеткізіп, нақты келесілерді атап өтті:
1. Ең алғаш, аяулы ардагерлеріміз үйде бос отырмас үшін, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу мақсатында “Белсенді ұзақ өмір” сүру орталығы - 3000 аса ардагерлерімізге қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, аудандық Ардагерлер кеңесімен етене жұмыс жасап, “Арай” ардагерлер хоры республика көлемінде өз өнерлерін паш етуде.
2. Одан кейін, ауданымыздың ерекше жандарын жан-жақты қолдау, көмек көрсету, бағыт-бағдар беріп, бейімдеу мақсатында - “Тең қоғам” жобасы да тиімді жұмыс жасауда. Жалпы ауданымызда 2800 жуық ерекше жандар тұрады, оның ішінде 917 балалар.
3. Келесі кезекте, көп балалы аналарды - психологиялық қолдау, заңдық кеңес беру, тігін тігу, кондитерлік тағам пісіру, түрлі жұмыстарға тұрғызу және өзге де бағытта жұмыс жасап келе жатқан - “Бақытты отбасы” орталығы өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Бүгінгі күні 3164 көп балалы отбасының 836 отбасына әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді.
4. Және де, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасы балалары мектептен кейінгі қосымша білім беруден шектеліп қалып жүрді. Сол себептен, қаламызда “Шыңға өрлеу” әлеуметтік жобасы аясында білім саласында зейнетке шыққан ұстаздарымыз - әлеуметтік топ балаларына тегін түрде қосымша білім беріп, өнерге баулып және тамақтандырып келеді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда алдағы уақытта Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында 2 емхана, Ақжар шағын ауданында 1 амбулатория салу жоспарланғанын, сондай-ақ, Шұғыла және Ақжар шағын аудандарында 2 Денешынықтыру және сауықтыру кешені бой кетеретінін айтты.
Білім беру саласы бойынша ауданда №157, 174, 207 мектептерде 4300 оқушы орнының тапшылығын. Осы мәселені шешу үшін №174-ші мектептің жанынан қосалқы ғимарат құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 3700 орынға 2 мектеп салынып жатыр. Одан бөлек, қазан айында 5500 орынға 3 мектеп құрылысы басталды. Өздеріңіз көріп тұрғандай оның бірі Құрамыс ш/а, тағы бірі Шұғыла ш/а. Үшінші мектеп Сәбденов көшесі бойында орналасқан, - деді ол.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлы Досаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мектеп автобусы» жобасына да тоқтала кетті. Қазіргі таңда Наурызбай ауданы бойынша бойынша 2400 оқушыны 27 автобус тасымалдайтынын айтты.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап 1000 оқушыны қамтитын тағы 16 жаңа көлік пайдалануға беріледі. Сонда жалпы саны шамамен 3400 бала мектеп автобусымен мектепке тегін қатынайды, - деді аудан әкімі.
Бала бақшаға қатысты жоспарланған жобалар туралы да айтылды.
2024 жылдың 1 тоқсанында «Шұғыла» шағын ауданындағы 320 орындық балабақша ашылады. Сондай-ақ желтоқсан айында «Шұғыла», «Құрамыс» шағын аудандарында 640 балаға есептелген 2 балабақша құрылысы басталады, - деді Назира Асылбекқызы.
Журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Соның бірі су мәселесіне қатысты қойған сауал.
«Ақсай» су қоймасы бойынша құрылыс жұмыстары 40% аяқталған. Жоспар бойынша жұмыстар толығымен 2025 жылғы желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Нәтижесінде 100 мың тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі,- деп жауап қайтарды Назира Асылбекқызы.