Алматыдағы мектептердің бірінде бүрге пайда болып, оқушыларды шағып жатыр
Алматыда ата-аналар балаларын бүргелердің шағып жатқанын айтып, мектеп әкімшілігіне шағымданды. Оқу орны басшылығы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желіде ата-аналардың шағымы жарияланды.
Мектебімізде балалар бітеден зардап шегіп жатыр. Әр жолы мектептен шыққан соң балаларды бітелер шағып тастайды. Осы мәселеге назар аударуды және жария болуын сұраймыз, – делінген жазбада.
Ата-аналардың сөзінше, олар санитариялық-эпидемиологиялық қызметке де арыз түсірген, алайда қабылданған шаралар нәтиже бермеген. Автор шағымға балалардың тістелген жерлерінің суреттерін және киім үстімен секіріп жүрген жәндіктердің видеосын қоса жариялаған.
Жағдайға қатысты мектеп директоры түсініктеме берді. Оның айтуынша, алғашқы арыз 12 қыркүйекте түскен, сол күні арнайы дезинфекция қызметі шақыртылған.
13 қыркүйекте мектеп ғимараты мен жертөлелеріне толық өңдеу жасалды, 14 қыркүйекте жалпы тазалау өтті. Ата-аналарға орындалған жұмыстардың актісі берілді. 29 қыркүйекке дейін ешқандай шағым болмады. 29 қыркүйекте жаңа шағым түсті, бірақ бұл жолы мектеп ауласындағы жағдайға қатысты. Мамандардың айтуынша, бүргелер тек жылықанды жануарларда өмір сүре алады, шөпте немесе топырақта тіршілік етпейді. Олардың пайда болуы біздің аумаққа жақын жерде иесіз жануарларды тамақтандыратын тұрғынның әрекетімен байланысты болуы мүмкін (онымен бірнеше рет профилактикалық әңгіме жүргізілген), – деді директор.
Сондай-ақ ол мектеп медбикесі балаларды тексергенін, тістелу іздері тек үшінші сыныптың бес оқушысынан табылғанын, қалғандарынан байқалмағанын айтты.
Үлкен ықтималдықпен, бұл тістелулер мектеп аумағынан тыс жерде болған. Дегенмен, ата-аналардың өтініші бойынша 30 қыркүйекте қосымша жеке дезинфекция қызметі шақырылып, сыртқы аумаққа да өңдеу жүргізілді. Бұл жұмысқа қатысты акт те бар. Айта кетейік, мектеп ғимараты жаңа, 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен, санитарлық және техникалық талаптарға толық сай келеді, – деді директор.
Мектеп әкімшілігі балалардың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шара қолданылып жатқанын және қажет болған жағдайда қосымша алдын алу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.