18 Ақпан 2026, 17:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыдағы курьерге қатысты дау-дамайдан кейін оның аккаунты бұғатталды

Аталған оқиғаға байланысты inDrive сервисі ресми түсініктеме берді.

Алматы тұрғыны курьерді тиіскені үшін айыптаған оқиғаға байланысты inDrive сервисі ресми түсініктеме берді. Компания ішкі тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

inDrive өкілдерінің айтуынша, оқиға туралы ақпарат түскен бойда тексеріс басталған. Нәтижесінде тараптардың байланысы сервис арқылы емес, тікелей келісім негізінде жүзеге асқаны анықталған. Яғни тапсырыс қосымша арқылы рәсімделмеген.

Соған қарамастан мұндай әрекет мүлде жол берілмейді, сондықтан біз курьердің аккаунтын бұғаттадық. Біз қызбен байланыстамыз, шынайы өкініш білдіріп, психологиялық көмек ұсындық. Ресми сұрау түскен жағдайда құқық қорғау органдарымен ынтымақтасуға дайынбыз, – деп хабарлады компания.

Сервисте пайдаланушылардың кері байланысы қызмет сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін маңызды екені атап өтілді.

Қосымшадағы қауіпсіздік пен жайлылықты, әсіресе әйелдер үшін, күшейту бағытындағы шараларды жалғастырамыз. Сондай-ақ тапсырыстарды міндетті түрде қосымша арқылы рәсімдеудің маңыздылығын еске саламыз. Бұл барлық тараптың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді inDrive өкілдері.

Бұған дейін 14 ақпанда жағымды тосынсый болуы тиіс гүл жеткізу қызметі алматылық әйел үшін қауіпті жағдайға айналғанын хабарладық. Жәбірленушінің айтуынша, курьер оның пәтеріне кіріп, жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекет жасаған – әйелдің кеудесіне қол тигізген. Бұл жағдай оның өз үйінде қорқыныш сезінуіне себеп болған.

Алматы қаласының Полиция департаменті Алматы тұрғынының арызы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын, материалдар құқықтық баға беру үшін жолданғанын хабарлаған болатын.