Алматыдағы крематорий құрылысы: Мердігер компания сотқа тартылды
Алматы қаласының әкімдігі әлі ашылмаған қалалық крематорийге инженерлік коммуникация жүргізуі тиіс мердігерді сотқа берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мердігер компания шартта көрсетілген талаптарға сәйкес жұмыс істемеген. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасы мәлімдеді.
Мердігер ұйымның жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталған жоқ. Жұмыс мердігер объектіні шартта көрсетілген талаптарға сәйкес толық тапсырған жағдайда орындалды деп есептеледі. Осылайша, объектіні қабылдаудың бекітілген актісі болмаса, оны пайдалануға жол берілмейді. Осыған байланысты мердігер компанияға шағымдану туралы хабарлама жіберілді. Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуына және шарттық міндеттемелердің тиісті түрде орындалмауына байланысты, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгініп, мердігер ұйымды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және одан жергілікті бюджет кірісіне тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қойылды. Қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр, нәтижелері қосымша хабарланады, - дейді Алматы қаласының әкімдігі.