Алматыдағы көрмеде Әлия Молдағұловаға тиесілі заттар қойылды
Алматыда өткен көшпелі көрмеде Әлия Молдағұловаға тиесілі сирек заттар ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы Жеңіс күніне орай «Қазақтың батыр қыздары» атты көшпелі көрме өткізді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері мен ұстаздарына Кеңес Одағының Батырлары мен Қазақстанның Халық Қаһармандары атанған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың фотосуреттері, хаттары, жеке құжаттары мен жеке дүниелері секілді музей қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды.
Көрме қонақтары сирек кездесетін заттарды - Мәншүк Мәметованың көйлегін, студент кезінде киген медициналық халатын және т.б. заттарды тамашалай алды. Қ.Сәтбаев атындағы Алматы гимназиясында өткен «Жеңіс рухына тағзым» көрмесінде ІІ дүниежүзілік соғыс батырлары – Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың фотосуреттері, бағалы құжаттары және басқа да жеке заттары ұсынылды.
Іс-шаралар барысында қонақтарға батырлардың өмірі мен ерлігі туралы баяндалды.
Атап айтқанда, оқушылар Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери киімімен, Рахымжан Қошқарбаевтың наградаларымен және мұрағаттық құжаттарымен танысты.