Бүгiн 2026, 16:30 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыдағы көпқабатты үйдің төбесіне салынған үйдің тағдыры белгілі болды

Баспана 13 жыл бұрын пайдалануға берілген.

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің төбесіне салынған жеке үй қызу талқыға түсті. Әңгіме Алмалы ауданындағы Жұмалиев көшесі, 84 мекенжайында орналасқан үй туралы болып отыр. Осы мәселеге қатысты Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.

Алматылық тұрғын 2000-жылдары 9-қабатты үйдің үстінен жеке үй салып алған. Қазіргі уақытта бұл үй тіпті сатуға қойылған. 117 шаршы метрлік, екі бөлмелі жеке үйдің құны 69 500 000 теңге деп белгіленген.

Жарнамада баспана пентхаус ретінде көрсетілген. Терассасының өзі 50 шаршы метр. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Көршілері не дейді? 

Біз тұрғындардан олардың үстінде орналасқан жеке үйге қатысты ойларын сұрадық. Алайда ерекше үйдің көршілері баспана ешқандай кедергі келтіріп тұрмағанын айтады. 

Алғаш көрген кезде таңғалдым. Бірақ ешкімге кедергі жасап тұрған жоқ. Тұра берсін, - дейді аты-жөні жасырын қалуды сұраған тұрғын. 

Тексеру кезінде не анықталды?

Қала құрылысы бақылау басқарманың мәліметінше, бұл үйге қатысты 2025 жылғы 21 сәуірде жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында пәтердің қазіргі иесі 2025 жылғы 11 сәуірдегі сатып алу-сату шарты негізінде жеке тұлға екені анықталған.

Нысанға қатысты 2012 жылы да шара қолданылған

2012 жылы осы нысанның сол кездегі меншік иесіне қатысты Алматы қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті әкімшілік шаралар қолданған. Ол кезде меншік иесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылған.

Кейін, 2012 жылғы 22 мамырда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты нысан иесін әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.

Айыппұл көлемі сол кезеңде 24 270 теңге болыпты.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Нысан пайдалануға берілген

Басқарманың мәліметінше, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, 2012 жылғы 13 қарашада қабылдау комиссиясының актісімен аталған нысан пайдалануға берілген.

Бұл жағдай кейіннен тұрғындар мен қоғам арасында нысанның заңдылығы жөнінде сұрақтардың туындауына себеп болған.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Әкімдік нысанды бұзуды талап етіп отыр

Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы 2025 жылғы 30 мамырда Алмалы аудандық №2 сотына талап арыз жолдаған. Талап арызда құқық белгілейтін құжаттардың күшін жою және тоғызыншы қабаттың үстінде орналасқан үйді бұзу мәселесі көтерілген.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан көпқабатты үйдің төбесіне салынған нысанның әрі қарайғы тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады.