Алматыдағы Қонаев көшесі 4 жолақты болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданын аралады. Бұл туралы әкім өзінің инстаграм парақшасында жазды.
Наурызбай ауданының инженерлік және автокөлік инфрақұрылымының ауқымды дамуы ерекше бақылауда. Таяу жылдары орталық сумен қамтамасыз етуді 100%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде ол бар болғаны 30%-ды құрайды. Жұмыс сапары кезінде сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысын тексердім. Тастыбұлақ ықшамауданындағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Келесі жылы Ақжар, Құрамыс, Таужолы, Қарғалы, Жайлау, Шұғыла ықшамаудандарында желілер мен «Қарғалы» су дайындау стансасын салуды жоспарлап отырмыз - деп жазды әкім.
Сондай-ақ ол келесі жылы Қонаев көшесін қайта жаңартуды (Жандосов көшесінің жалғасы) қолға алатынын айтты.
Яссауи көшесінен Рысқұлов көшесіндегі «Таусамалы» кентіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ұзындығы 1,2 шақырым болатын жол 4 жолақты боп кеңейтіліп, тротуарлар мен арық желісі салынады - деді Бақытжан Сағынтаев.