Алматыдағы кептеліс қашан азаяды? Әкімдік нақты жоспарын жариялады
Әкімдік кептелісті азайтуға бағытталған жоспарларын бөлісті.
Алматыдағы көлік кептелісі соңғы бірнеше жылдан бері мегаполистің ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Қарбалас уақытта жүргізушілер жолда ондаған минут, кейде бірнеше сағатқа дейін тұруға мәжбүр. Осыған байланысты әкімдік кептелісті азайтуға бағытталған жоспарларын бөлісті.
BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жауап берген болатын.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда Алматыда 642 бағдаршам нысаны жұмыс істейді. Оның 98-і жол қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесінің бірінші кезеңі аясында жаңартылған.
Енді жобаның екінші кезеңінде қалған 544 бағдаршамды жаңғырту және қайта құру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары бюджеттік қаржы бөлінуіне қарай 2026 жылы басталады.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін бағдаршамдар көлік ағынының нақты қарқындылығына қарай онлайн режимде реттеледі. Сонымен қатар көлік қозғалысының статистикасы автоматты түрде жүргізіліп, кері санау таблолары да адаптивті режимде жұмыс істейтін болады.
Автобус жолағы қоғамдық көліктің қозғалысын тұрақтандырған
Басқарма арнайы автобус жолақтары қоғамдық көлікке басымдық берудің ең тиімді тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім маршруттардың тұрақты жүруіне және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берген. Алайда қоғамдық көліктің жүру уақыты нақты қанша пайызға қысқарғаны жөнінде статистика ұсынылмаған. Басқарма бұл көрсеткіш әр көшедегі көлік ағынының қарқындылығына байланысты өзгеретінін мәлімдеді.
Жеке көлік санын азайтуға қандай шаралар қолға алынады?
Басқарма Алматыда жеке автокөлікке тәуелділікті азайту үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Олардың қатарында:
-
қоғамдық көлік жүйесін дамыту;
-
көлік-ауысу тораптарын қалыптастыру;
-
интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу;
-
баламалы қозғалыс түрлерінің тартымдылығын арттыру бар.
Ақылы автотұрақтардың әсері қандай?
Әкімдік ақылы автотұрақтарды көлік жүктемесін азайтудың тиімді құралдарының бірі деп бағалайды.
Басқарманың түсіндіруінше, ақылы тұрақ жүйесі жүргізушілердің бос орын іздеуге жұмсайтын уақытын қысқартып, тұрақ орындарының айналымын арттырады. Сондай-ақ көшелердің ең көп жүктелетін бөліктерінде көліктердің ұзақ уақыт тұрып қалуын азайтуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көлік қаншалықты жылдам жүреді?
Ведомство қоғамдық көліктің орташа жылдамдығы тәулік уақытына, көше жүктемесіне, маршруттың ерекшелігіне және арнайы инфрақұрылымның болуына байланысты өзгеретінін мәлімдеді.
Сонымен бірге автобус жолақтары мен BRT дәліздері қоғамдық көліктің жалпы көлік ағынына қарағанда тұрақты әрі жоғары жылдамдықпен жүруіне мүмкіндік беретіні айтылды. Алайда орташа жылдамдықтың нақты көрсеткіші келтірілмеген.
Басқарманың дерегінше, бүгінде Алматыдағы қоғамдық көлікті тәулігіне орта есеппен 1,7 миллион адам пайдаланады. Ведомство бұл көрсеткіш қоғамдық көліктің қала тұрғындары үшін негізгі қатынас құралы екенін және оған деген сұраныстың жоғары екенін көрсететінін атап өтті.