27 Тамыз 2026, 10:42 Фото: ©️ BAQ.KZ архиві

Алматыдағы кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін ақша беріледі: Оны кімдер ала алады?

Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне ену үшін өтініштер тоқсан сайын қабылданады.

Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ала алады. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ШОБ бөлімінің бас маманы Әсет Әмірбек брифинг барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енген кәсіпкерлерге бірнеше жеңілдік беріледі. Ең бастысы – 5 миллион теңгеге дейінгі гранттар конкурсына қатысу мүмкіндігі. Сонымен қатар олар «СПК Алматы» арқылы жеңілдетілген шарттармен ғимарат жалдап, «Даму» қоры мен өңірлік қаржыландыру бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие рәсімдей алады.

Әсет Әмірбек әлеуметтік кәсіпкерлер төрт негізгі санатқа бөлінетінін түсіндірді.

Бірінші санатқа қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал топтарға жататын кәсіпорындар кіреді. Екінші санат – осындай азаматтарға қызмет көрсететін немесе жұмыстар атқаратын кәсіпкерлер. Үшінші санатқа мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарға арналған тауар өндіретін немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлер жатады. Төртінші санат – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, экология және қоршаған ортаны қорғау сияқты қоғамдық маңызы бар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлер.

Спикердің айтуынша, екінші, үшінші және төртінші санаттағы кәсіпкерлер үшін маңызды талаптардың бірі – табыстың кемінде 50 пайызы әлеуметтік қызметтен түсуі керек. Сондай-ақ таза табыстың кемінде жартысы қайтадан әлеуметтік бағыттағы қызметті дамытуға жұмсалуы тиіс.

Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне ену үшін өтініштер тоқсан сайын қабылданады. Құжаттар әр тоқсанның 1-і мен 5-і аралығында басқармаға қағаз түрінде немесе электронды пошта арқылы жолданады.

Өтінішті офлайн тапсырған дұрыс. Мамандар құжаттарды бірден тексеріп, қандай да бір қателіктер болса, сол жерде түзетуге мүмкіндік береді. Бұл негізсіз бас тартулардың алдын алады, – деді басқарма өкілі.

Тізілімге енгізу туралы шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін 3-4 жұмыс күні ішінде комиссия отырысы өтеді. Кәсіпкерлер оған офлайн немесе онлайн қатысып, өз жобаларын таныстыра алады.

Грант қаражаты қалай бақыланады?

Брифинг барысында грант қаражатының жұмсалу тәртібі де түсіндірілді. Әсет Әмірбектің айтуынша, гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Алайда қаражаттың мақсатты жұмсалуын «Даму» қоры бақылайды.

Кәсіпкер бизнес-жоспарында қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын көрсетуі тиіс. Сонымен қатар жобаға өзінің де кемінде 20 пайыз үлесі болуы қажет. Егер кәсіпкер 5 миллион теңге грант алуға үміткер болса, жобада өзінің де қаражаты болуы керек, – деді ол.

Грант жеңімпаздары жобаны 18 ай ішінде толық жүзеге асыруға міндетті. Осы кезеңде кәсіпкер бизнес-жоспарда көрсетілген іс-шараларды орындап, жұмыс орындарын ашып, салық төлеу бойынша міндеттемелерін орындауы керек.

Егер жоба жүзеге аспаса, мәселе конкурс комиссиясының қарауына жіберіліп, келісімшарт бұзылып, қаражатты қайтару туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Әлеуметтік кәсіпкерлер көбіне қай салаларда жұмыс істейді?

Спикердің сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлік саласы кең болғанымен, ең көп жобалар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттарында жүзеге асырылады. Сонымен қатар экология, қоршаған ортаны қорғау және креативті индустрия салаларында да әлеуметтік жобалар бар.

Тізілімге ену үшін қандай құжаттар қажет?

Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алу үшін кәсіпкерлер соңғы бір жарым жылдағы салық декларациясын ұсынуы қажет. Сондай-ақ жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелгенін растайтын құжаттар талап етіледі.

Егер өтініш беруші қоғамдық ұйым болса, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік тапсыруы керек. Бұдан бөлек, белгіленген үлгідегі өтінім нысандары толтырылады.

Ең бастысы – кәсіпкердің нақты жұмыс істеп тұрғанын және табыс тауып отырғанын растайтын салық құжаттары болуы қажет. Сонымен қатар кәсіпкердің қызмет түрі оның өтініш беріп отырған бағытына сәйкес келуі тиіс. Мысалы, білім беру саласындағы жобаға үміткер кәсіпкердің негізгі қызметі де білім беру болуы керек, – деді Әсет Әмірбек.