Алматыдағы газ құбырының жарылуына тұрғындар мердігерді айыптады

Алматыда жерксты газ құбыры жарылғаннан кейін жақын маңдағы үйлердің тұрғындары мердігерлердің жұмысына бұған дейін бірнеше рет наразылық білдіргендерін айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Гүрс еткен дыбыс шықты. Үй дір ете қалды. Біз сыртқа жүгіріп шықтық, апат болды ма деп ойладық. Сөйтсек, көлік аударылып қалыпты, бір ер адамға жедел жәрдем керек болды, – деді тұрғын Татьяна Файзулина.

Тұрғындардың айтуынша, жарылысқа газ мамандарының немқұрайлығы себеп болуы мүмкін.

Біз мердігер компаниямен бірнеше ай бойы сөзге келіп жүрдік. Өйткені олар барлық ережелерді бұзды. Біз аудан әкімдігінен, қала әкімдігінен адамдар шақырып, бұзушылықтар туралы алдын ала ескерттік. Олар құбырларды ауыстыру кезінде газға қатысы жоқ үш апат жасады. Жылыту маусымы кезінде “ливневканы” бұзды, жылыту жүйесін істен шығарды, – деді тұрғын Екатерина Железина.

Газ компаниясының өкілдері газдың ешқандай атқылауы болмағанын айтты.

Бұл құбырда газ болмаған. Ол жаңа салынған құбыр. Әлі жүйеге қосылған жоқ. Сол аумақта мердігер ұйым тарапынан пресстеу жұмыстары жүргізілген. Соған байланысты ауа қоспасының шығуы орын алды, – деп түсіндірді “QazaqGaz Aimaq” АҚ Алматы филиалы бөлімінің басшысы Айбек Қасымов.

Зардап шеккен көлік жүргізушісі мен жолаушысына өтемақы төлеу мәселесіне қатысты компания ештеңе айтқан жоқ.

Еске салайық, кеше Алматыда жерасты газ құбыры жарылып, салдарынан екі адам зардап шекті, жол жабыны мен ағаш бүлініп, көлік аударылып қалды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы