Алматыдағы Ботаникалық бақта ер адам айдындағы аққуға қорлық көрсеткен
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Ботаникалық бақта ер адамның аққуларға қатыгездік көрсетіп жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, екі ер адам құстарға агрессивті түрде әрекет көрсетіп, су айдынының тыныштығын бұзып, аққуларды мойнынан ұстап, жібермей, күшпен ұстап қалуға тырысқан. Бұл жағдай баққа келген қонақтарды шошытқан, олар тәртіп бұзушыларға ескерту де жасаған.
Куәгерлердің бірі оқиғаны видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялады.
Жер бетіндегі ең жабайы жаратылыс – бұл жүрегі жоқ адам, – деп жазды ол.
Ботаникалық бақ әкімшілігі оқиғадан хабардар екенін растап, тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді:
Бұл жантүршігерлік оқиғаға қатысты барлық мәлімет пен деректерді жинап, күдіктінің сырт келбетін анықтадық. Қазір біз полициямен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ботаникалық бақ әкімшілігіндегілер.
Сонымен қатар бақ қызметкерлері бақ ішіндегі қадағалауды күшейткенін және келушілерге Ботаникалық бақ аумағындағы барлық жануарлар қорғалғанын ,ал олармен рұқсатсыз байланыс жасауға болмайтынын ескертті.