20 Шілде 2026, 13:46 Фото: Алматы ӨКҚ

Алматыда бір ауданды абаттандыруға 2 млрд бөлінген: Ол қалай жұмсалып жатыр?

Бір жобаның өзіне 58 миллион теңге жұмсалған.

Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Какетаев аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан абаттандыру жобаларын таныстырды. Оның айтуынша, биыл "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған 30 жоба іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дәрігерлер аллеясы жаңартылды

Медеу ауданындағы Қарасай батыр көшесінде орналасқан Дәрігерлер аллеясында биыл абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Азат Какетаевтың айтуынша, жоба "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Қазіргі таңда біз Дәрігерлер аллеясында тұрмыз. Биыл мұнда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жаяу жүргіншілер жолы мен тротуар салынды. Орындықтар, жаңа тротуарлық және көше жарығы орнатылды. Сонымен қатар бұталар отырғызылып, көгал төселді және автоматты суару жүйесі іске қосылды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, аталған жобаға шамамен 58 миллион теңге жұмсалған. Азат Какетаев бұл аумақтың кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті.

Биыл "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында тұрғындардың дауыс беруі арқылы 30 жоба таңдалды. Соның бірі – қазір толық аяқталған осы жоба. Жалпы бүгінгі күні алты жоба аяқталды, ал қалған 25 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл сайын тұрғындар өздері дауыс беріп, қандай жобалар жүзеге асырылатынын анықтайды. Біз сол таңдалған жобаларды іске асырамыз. Оның ішінде қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аула аумақтарын жөндеу секілді жұмыстар бар, – деді ол.

Дәрігерлер аллеясы. Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Әкім орынбасарының мәліметінше, биыл "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша барлық жобаға 2 миллиард теңге бөлінген.

Аллея неге "Дәрігерлер аллеясы" деп аталады?

Азат Какетаевтың айтуынша, бұл аллея бұрыннан осылай аталып кеткен.

Бұл жердің маңында емхана мен балалар стоматологиялық емханасы орналасқандықтан, халық арасында бұрыннан "Дәрігерлер аллеясы" деп аталып кеткен. Тротуар мен алаңның жалпы аумағы шамамен 350–360 шаршы метр, – деді ол.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Барлық жоба қыркүйекке дейін аяқталады

Медеу ауданында биыл жүзеге асырылып жатқан 30 жобаның басым бөлігі көгалдандыру мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Биылғы 30 жоба аясында негізінен автоматты суару жүйелерін орнату, көгалдандыру, аула аумақтарын жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, баспалдақтар мен жарықтандыру жүйелерін салу секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейбір жобалар сәуір айында басталды, ал кейбіріне енді ғана кірістік. Барлық жобаны қыркүйек айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Азат Какетаев.

Төлебаев пен Жамбыл көшелерінде көгалдандыру жұмыстары аяқталуға жақын

Медеу ауданы әкімінің орынбасары Жамбыл мен Төлебаев көшелерінің қиылысында жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және автоматты суару жүйесі жобасы туралы да айтып берді.

Қазіргі таңда біз Төлебаев көшесі мен Жамбыл көшесінің қиылысында тұрмыз. Биыл осы аумақта автоматты суару жүйесін орнату және кешенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Төлебаев көшесіндегі жұмыстардың жалпы аумағы – 14 мың шаршы метр, ал Жамбыл көшесінде – 4 мың шаршы метр. Төлебаев көшесіне 80 миллион теңге, Жамбыл көшесіне 60 миллион теңге бөлінді, – деді ол.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Бұл жоба да тұрғындардың бастамасымен "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған.

Тұрғындар өз жобаларын ұсынды, біз оны толықтырдық. Кейін жоба бағдарлама аясында іске асырылды. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Насостық станциялар орнатылды. Қазір оларды реттеу және іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді әкім орынбасары.

Алматыда ауызсу енді көгал суаруға пайдаланылмайды

Азат Какетаевтың айтуынша, биыл жүзеге асырылып жатқан 30 жобаның 10-ы көгалдандыру мен автоматты суару жүйелеріне арналған.

Оның сөзінше, өткен жылы Әл-Фараби даңғылы, Құлжа тас жолы, Қажымұқан, Абай, Сәтбаев, Құрманғазы және Шевченко көшелерінде осындай жұмыстар жүргізілсе, биыл өткен жылы қамтылмаған көшелерде жалғасып жатыр.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Сонымен қатар қалада жаңа суару инфрақұрылымы қалыптастырылуда.

Биыл резервуарлар мен насостық станцияларды орнату жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұрын біз "Алматы Су" желілеріне қосылған болатынбыз. Енді біртіндеп одан бас тартып, негізгі су көзін Кіші Алматы өзенінен алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ұңғымалар бұрғыланып жатыр. Осылайша "Алматы Су" желілеріне тәуелділікті азайтып, суару жүйесін ұңғымалар мен резервуарлар арқылы қамтамасыз етеміз, – деді Азат Какетаев.

Оның айтуынша, Алматыда су тапшылығы мәселесі өзекті болғандықтан, қаланың ауызсуын көгал суаруға пайдалануды азайту көзделіп отыр.

Біз ауызсуды суару мақсатында пайдаланбау үшін ұңғымалар қазып жатырмыз. Өзен суы резервуарларға жиналады, кейін насостар арқылы автоматты суару жүйесінің магистральдық желілеріне беріледі. Осы көшелер де дәл осы резервуарлар арқылы сумен қамтамасыз етіліп, жасыл желектер тұрақты түрде суарылатын болады, – деді әкім орынбасары.