Алматыдағы Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуі: жаңа деректер айтылды

Баум тоғайын қайта жаңарту жобасының демеуші компаниясы жоба аясында ешқандай ағаш кесу қарастырылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Компания өз мәлімдемесінде әлеуметтік желілерде тараған “тоғай аумағында тұрғын үй немесе өзге де нысандар салынады” деген ақпаратты толығымен жоққа шығарды.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Корпорация да, реконструкция жүргізіп жатқан мердігер ұйым да Баум тоғайының аумағында қазір де, болашақта да тұрғын немесе коммерциялық нысандар салуды жоспарламайды және жүзеге асырмайды, – делінген BAZIS-A компаниясының хабарламасында.

Мәліметке сүйенсек, жобаның бас мердігері – “СК Барлас Құрылыс” ЖШС, барлық жұмыстарды бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сай орындайды.

“СК Барлас Құрылыс” санитарлық кесу немесе жасыл желекті жоюмен айналыспайды, себебі бұл олардың құзыретіне кірмейді және реконструкция жобасына енбеген, – деп нақтылады компания.

Сонымен қатар ағаштарды кесу мен санитарлық күтім жасауға Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты “Медеу” өңірлік мемлекеттік табиғи паркі жауапты екені атап өтілді.

Айта кетейік, бұған дейін қазанның 26-сына қараған түні Баум тоғайында белгісіз адамдар үйеңкі мен акация ағаштарын кесіп тастаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы