Алматыдағы балалар жұқпалы ауруханасында түнде кезек көбейді
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған қабылдау бөлімшелеріндегі кезектер түсірілген бейнежазбалар негізінен түнгі уақытта түсірілген. Өйткені кешкі және түнгі уақытта емханалар жұмыс істемейді. Кейбір ата-ана жұмыстан келгеннен кейін баласының жағдайы нашарлағанын байқап, бірден ауруханаға жеткізеді.
Осының салдарынан қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктеме артып, дәрігердің қарауын күту уақыты ұзарады.
Дәрігердің алғашқы тексеруі орта есеппен 15-20 минутқа созылады. Алайда кейбір балаларға зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу, бейінді мамандардың кеңесін алу және қосымша бақылау қажет. Сондықтан қабылдау бөлімінде отырған балалардың барлығы бірдей дәрігердің қарауын күтіп отырған жоқ. Олардың бір бөлігі тексеруден өтіп, зертхана нәтижелерін күтіп отырады, – деді Ержан Сералин.
Ауыр халдегі балалар бірінші қабылданады
Аурухана директорының айтуынша, медициналық мекеме тәулік бойы жұмыс істейді. Балаларды қабылдау медициналық сұрыптау қағидасы бойынша жүргізіледі. Яғни бірінші кезекте жағдайы ауыр науқастарға көмек көрсетіледі.
Кезекті азайтып, әр балаға медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін аурухана қосымша шаралар қабылдап жатыр.
Қазір Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының үш филиалы бар. Олар Бостандық ауданындағы Байзақов көшесі, 299А мекенжайында, Райымбек даңғылы, 541 мекенжайында және Алатау ауданындағы Саялы ықшамауданында орналасқан.
Ауруханаға 33 мыңнан астам бала жүгінген
Ержан Сералиннің мәліметінше, аурухананың негізгі төсек қоры 648 орынға арналған. Алайда маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты қосымша 72 төсек-орын ашылған. Қазір жалпы төсек қоры 720 орынға жеткен.
2026 жылғы 1 қазан мен 22 қараша аралығында ауруханаға 33 мыңнан астам бала жүгінген. Олардың шамамен 7 мыңы, яғни 21,6 пайызы стационарлық емге жатқызылған.
Ауруханаға келген балалардың 65 пайызы ата-аналарының бастамасымен өздігінен жеткізілген. Ал 26 мыңнан астам балаға қабылдау бөлімінде қажетті медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жатқызылмаған. Олар әрі қарай амбулаториялық ем алуға жіберілген.
Аурухана директоры әрбір баланы стационарға жатқызу міндетті емес екенін атап өтті. Баланың жағдайына қарай дәрігерлер қажетті тексеру жүргізіп, әрі қарай емделу жолын анықтайды.