Алматыдағы балалар кардиохирургия орталығына реанимациялық жабдықтар сыйға берілді

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына заманауи реанимациялық жабдықтар сыйға берілді.


AYALA қайырымдылық қоры Алматы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына қазіргі заманғы реанимациялық жабдықтардың 18 бірлігін, оның ішінде дене салмағы өте төмен нәрестелердің қарқынды терапиясына арналған 2 инкубаторды, 5 реанимациялық үстелді, 6 фототерапия шамын және 5 жоғары дәлдікті медициналық таразы берді. Жоба Halyk Bank-тің демеушілік қолдауының арқасында жүзеге асырылды.


Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы - еліміздегі ең ірі перзентхана. Жыл сайын мұнда 8-8,5 мың әйел босанады, оның 12%-ы мерзімінен бұрын босанатындар.

Біздің орталық 2011 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істей бастады. Бірақ 10 жыл ішінде медициналық жабдықтар ескірген, сондықтан үнемі қымбат жөндеуді талап етіп, жиі істен шығады. Бізде орнатылған көптеген модель өндірістен алынып тасталды, бұл жиынтықтарды сатып алуды қиындатады. Әсіресе, құрал-жабдықтардың тапшылығы неонаталдық қызмет бөлімшелерінде өте өзекті. Енді Halyk Bank пен AYALA қорының қолдауының арқасында неонатология бөлімшесінің барлық қажеттіліктері қанағаттандырылды. Дәрігерлердің, ірі бизнес пен қордың біріккен қамқорлығы жаңа туған нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі, - дейді Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары Светлана Лисогор.

Берілген жабдықтың жалпы құны 27 003 750 теңгені құрайды.

Қарқынды терапияға арналған инкубатор жылудың реттелуі бұзылған жаңа туған нәрестелердің дене температурасын, қажетті ылғалдылықты және оттегінің деңгейін ұстайды.

Ашық реанимациялық жүйе шала туған балаларды емдеу үшін оңтайлы микроклиматтық жағдайларды ұстап тұру үшін арнайы құрылған. Әдетте олар төмен дене салмағымен туады, және нәрестелерге терідегі ұсақ тесіктер арқылы буланып кететін ылғалды жоғалтпай ұстау керек. Дененің қалыпты температурасы 37,5С аспауы тиіс, іш температурасы 36,2 - 36,5С шегінде болуы тиіс. Ашық реанимациялық жүйеде осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кереуеттің, ауаның температурасының жайлы деңгейі мен сәулелі жылу берудің қуаты белгіленеді.

Фототерапия шамы жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтай отырып, оларды емдеуге көмектеседі. Жаңа туған нәрестелердің сарғаюы - бұл орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануына әкелетін уытты билирубин деңгейінің ұлғаюы. Әсіресе ол шала туған балалардың арасында жиі кездеседі. Қандағы уытты билирубиннің жоғары деңгейі дамудағы кідірістерді, атетоидты церебралды сал ауруын, ішінара немесе толық сал ауруын, құрысуды, есту проблемаларын қоса алғанда, баланың бас миының қайтымсыз зақымдануына себеп болуы мүмкін.

2007 жылдан бастап мұндай жабдықтар еліміздің 36 қаласы мен елді мекенінде орнатылған. Қордың бағалауынша, бұл Қазақстанда жүздеген мың баланың өміріне араша болуға көмектескен. Жоба жалғасуда, өйткені қорға балалар реанимациясы бөлімшелерінен құрал-жабдықтарды сатып алуға көмек сұраған хаттар легі үнемі келіп тұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы