Алматыдағы Backstreet Boys концерті: қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Алматыда қала күні қарсаңында өтетін Backstreet Boys концертіне дайындық қызу жүріп жатыр. Күздің ең ірі мәдени оқиғаларының бірі саналатын бұл шараға шамамен 27 мың көрермен жиналмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орталық стадионда өткен арнайы жиында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің төрағалығымен қауіпсіздік, санитария, логистика және техникалық жабдықтау мәселелері талқыланды.
Концерт кезінде тәртіпті қадағалау үшін 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 жеке күзетші жұмылдырылады. Көрермендер металл іздегіш рамалар мен сканерлер арқылы кіргізіледі. Стадион аумағын кинологтар тексеріп, инженерлік желілер бақылаудан өтеді.
Абай даңғылы уақытша жабылады, көлік кептелісінің алдын алу үшін арнайы «змейка» түріндегі турникеттер қойылады. Сонымен қатар алыпсатарлық пен заңсыз акцияларға қарсы күрес шаралары күшейтіледі, нақты алгоритм дайын, – деді әкімнің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Негізгі шаралар:
- Абай даңғылы уақытша жабылады, көлік кептелісінің алдын алу үшін «змейка» тәрізді турникеттер қойылады;
- алыпсатарлық пен заңсыз акцияларға қарсы күрес күшейтіледі;
- стадионда жедел жәрдем мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етеді, эвакуациялық жоспар дайындалды;
- аумақ күн сайын тазартылып, биоөңдеу жүргізіледі, санитайзерлер орнатылады.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің айтуынша, концертке 150 ерікті қатысады. Олар 18 жастан асқан жастар арасынан іріктеліп, тегін тамақтану талондары беріледі.
Ұйымдастырушы First Media Group компаниясының басқарушы серіктесі Альфия Нұрғұмарова жаңа стандарттардың енгізілгенін атап өтті:
- билеттерді тексеретін қызметкерлер саны 100-ден 150-ге артты;
- қосымша бейнебақылау камералары орнатылды;
- сенім телефоны іске қосылып, нөмірі LED-экрандарда көрсетіледі;
- фуд-корт аймақтары кеңейтіліп, көрермендерге тегін су таратылады.
Артистерге арнайы грим бөлмелері бар шатырлы қалашық орнатылады. Meet & Greet кездесу қарастырылмағанымен, ресми мерч өнімдері сатылатын үш дүңгіршек жұмыс істейді.
Алматы соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі концерттер өтетін «А» санатындағы алаңға айналып келеді. Басты басымдық – қауіпсіздік, көрермендердің жайлылығы және ұйымдастыру сапасы.
Айта кетейік, Backstreet Boys концерті Алматы күніне орай ұйымдастырылып отыр. Қала мерекесі биыл 21 қыркүйекте аталып өтеді.