Алматыдағы автобус жүргізушісі мен жолаушы жанжалы: автопарк мәлімдеме жасады

Алматыда қоғамдық автобус жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал шығып, ол күш қолданумен және көліктің тоқтауымен аяқталған еді. Аталған жағдайға байланысты автобус паркі мәлімдеме жасады, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кадрларда жолаушы жүргізушіге көлік тізгінінде отырып телефон қолданбау керек екенін ескерткен. Бұған жүргізуші дөрекі жауап беріп, жолаушының қолындағы телефонды тартып алмақ болған. Кейін жүргізуші оны автобустан түсіріп жіберуге тырысып, өзі WhatsApp қолданғанын айтып ақталған.

Алайда жолаушыны шығара алмаған соң, автобусты жүргізуден бас тартып, тек ол түскен жағдайда ғана қозғалысты жалғастыратынын айтқан. Алматы полициясы жанжалға қатысқандардың жеке басы анықталғанын мәлімдеді.

Жүргізушінің әрекетіне заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі, – деді ведомство. 

"Алматыэлектротранс" компаниясы тексеріс жүргізілгенін, жүргізушіге қатысты ішкі тәртіп ережелері бойынша шара қолданылатынын және жолаушылардан кешірім сұрайтынын хабарлады. 

Жүргізуші қозғалыс кезінде телефон қолданбауы тиіс. Сондай-ақ жолаушылар да жүргізушінің назарын бөлмеуі керек, себебі бұл барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне әсер етеді, – делінген компания мәлімдемесінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы