Алматыдағы ауа сапасы қауіпті деңгейге жеткен
Алматы тұрғындары қаладағы ауа сапасына қатысты алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде мониторинг нәтижелерін жариялады. Олардың жазбаларында кейбір аудандардағы ауаның ластану деңгейі өте жоғары көрсеткішке жеткені көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматылықтардың бірі әлеуметтік желідегі парақшасында Қазгидромет пен IQAir деректерінің арасындағы айырмашылыққа назар аударған. Оның айтуынша, Алматы-1 теміржол вокзалы маңындағы станцияда PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 1,2 мкг/м³ деп көрсетілсе, IQAir қосымшасында бұл көрсеткіш 290,4 мкг/м³ болған.
Сондай-ақ тағы бір қолданушы Алматы картасындағы ауа сапасы көрсеткіштерінің скриншотын бөліскен. Онда №171 мектеп маңындағы ауа сапасының индексі 946 US AQI-ге жеткені көрінеді. Қосымша бұл деңгейді «өмірге қауіпті» деп сипаттаған.
Жазба авторлары мониторинг станцияларының көрсеткіштері неге бір-бірінен соншалықты ерекшеленетінін түсінбей отыр. Олар ауа сапасын өлшейтін құрылғылардың мәліметтеріне қатысты сұрақ көтеріп, нақты деректердің маңызын атап өткен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ЖЭО-2-ден қара түтін шығып, тұрғындар ауа сапасына алаңдай бастаған еді. Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, мұндай жағдайда станция жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, тұрғындарға жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы уақтылы ақпарат беру маңызды.