Алматыдағы ауа сапасы балалардың ақыл-ой дамуына кері әсер етеді – зерттеу
Алматы ауасының ең қауіпті уақыты анықталды.
Алматыдағы балалардың басым бөлігі оқу жылы бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан шамамен тоғыз есе лас ауамен тыныс алады. Almaty Air Initiative қорының есебінше, PM2.5 ұсақ бөлшектерінің ұзақ мерзімді әсері балалардың IQ деңгейінің ықтимал 7–8 баллға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал қаланың солтүстік бөлігіндегі мектептерде бір оқу жылын өткізу өкпеге түсетін жүктеме тұрғысынан жүздеген темекі шегумен теңестірілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл деректер Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында қаладағы мектептер мен балабақшалар маңындағы ауа сапасына жүргізілген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Зерттеу аясында 352 мектеп пен 1008 балабақша қамтылып, Almaty Air Initiative ұйымының PM2.5 сенсорлық желісінің мәліметтері мен 2025–2026 оқу жылындағы ашық дереккөздер пайдаланылған. Зерттеу авторлары өлшеулер оқу орындарының өзіне емес, олардың айналасындағы ауа сапасына қатысты екенін атап өтті.
Зерттеудің негізгі қорытындылары:
- Түрксіб ауданындағы мектепте немесе балабақшада өткізілген бір оқу жылы денсаулыққа әсері жағынан шамамен 423 шартты темекі шегумен тең;
- Алматыдағы мектептер мен балабақшалар маңында оқу күндерінің 48,4%-ында, яғни 157 оқу күнінің 76-сында PM2.5 концентрациясы Қазақстандағы орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген мөлшерден (35 мкг/м³) асып кеткен;
- Балабақшалар маңындағы орташа PM2.5 деңгейі 44,8 мкг/м³ болса, мектептер айналасында бұл көрсеткіш 43,0 мкг/м³ болған. Бұл ДДСҰ ұсынған жылдық орташа нормадан шамамен тоғыз есе жоғары;
- Ең таза және ең ластанған оқу орындары арасындағы айырмашылық 3,5 есеге жеткен;
- Түрксіб ауданында ДДСҰ ұсынымдарынан асып кету деректері оқу күндерінің 91%-ында тіркелген.
Ең ауыр жағдай – солтүстік аудандарда
Түрксіб және Алатау аудандары маусым бойындағы барлық шектен тыс ластанған сағаттардың жиыны бойынша шамамен 66%-ын құрады. Сонымен қатар, тіпті ең қолайлы аудандардың өзінде концентрация уақыттың көп бөлігінде балаларға арналған халықаралық ұсыныстарға сәйкес келмеді.
Ауа қашан ең қауіпті?
Ластану қысқа қарай күшейеді (желтоқсандағы шыңы - қала бойынша 62,4 мкг/м³) және тек сәуірге қарай ғана төмендейді (16,0 мкг/м³). Зерттеу апталық циклді де анықтады: жексенбі - ең лас күн (56,4 мкг/м³), ал дүйсенбіде балалар мектепке жиналған смогтың «соңымен» келеді (сәрсенбідегі 36,6 мкг/м³-ге қарағанда 49,0 мкг/м³).
Тәуліктің ең қауіпті уақыты - кеш: сағат 17:00-ден кейін солтүстік аудандарда концентрация 80–90 мкг/м³-ге дейін көтеріледі. Дәл сол кезде балалар мектептен, үйірмелерден және серуеннен үйге қайтады.
Бұл балаларға несімен қауіпті?
2024 жылғы халықаралық мета-талдауға сәйкес, PM2.5-тің әрбір қосымша 1 мкг/м³-і баланың IQ деңгейінің шамамен 0,27 баллға төмендеуімен өзара байланысты: Алматыдағы орташа жылдық деңгейде бұл ықтимал 7–8 балл жоғалтуға әкеледі. Бұдан бөлек, ауаның ластануы демікпе қаупінің артуымен, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларымен, өкпе қызметінің төмендеуімен, сондай-ақ назар шоғырландыру мен оқу қабілетінің нашарлауымен байланысты.