Алматыдағы арық суларын реттейтін коллекторлар 30 жылдан бері қараусыз тұр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы арық суын реттейтін 16 коллектордың төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандары батпаққа батып тұр. Бұл туралы Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев айтты.
Оның айтуынша, жалпы көлемі 26 шақырымды құрайтын 16 коллекторды тазалап, қайта іске қосу көзделіп отыр.
Бұл коллекторлар арықтағы су шамадан тыс көбейгенде суды лақтыру үшін арнайы жасалған. Бірақ Совет үкіметі құлағалы олар қараусыз қалды. Қала жыл сайын өсіп келеді, бұрын суарылатын жерлерге ғимараттар салынған. Жаңбыр жауған кезде кейбір аумақтарды, көшелер мен үйлерді су басу көбейді. Сол себепті коллекторларды қайта қалпына келтіруіміз керек,-дейді Әділбаев.
Қаладағы арық желісінің жалпы ұзындығы 1525 шақырым екен. Жаңбыр жауғанда арықтың 90 пайызы жол жиегімен ағып отырады, тек 10 пайызы ғана арнайы коллекторға жіберіледі екен. Жаңбыр жауғанда Абай даңғылынан төмен қарай 56 көшеде су басу оқиғасы орын алады екен.
Нөсер жаңбыр жауғанда Алматы-2 вокзалын, Райымбек даңғылы және Саяхат ықшамауданын су басады. Оны болдырмас үшін коллекторларды іске қосуды көздеп отырмыз. Мамандар сараптама жүргізіп, жобасын дайындап қойды. Егер ол мақұлданса қалпына келтіру жұмыстарын биыл бастап кетеміз,-деді ол.
С. Әділбаев қаладағы су лақтыратын коллекторлар мен арық жүйесі қалпына келтірілген соң оны Жасыл экономикасы басқармасы ішіндегі суды реттейтін бөлімге тапсыратындарын мәлімдеді.