Алматыдағы ақылы тротуар тұрақтары туралы тұрғындар пікірі

Алматылық жеңіл көлік иелері бұл өзгеріске қарсы. Олардың айтуынша, бұл қалтаға ауыр салмақ салады. Ал тұрғындар тротуарда көліктердің саны азайғанын айтып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаладағы жұмыс орындары мен бизнес орталықтарының көптеген бөлігі Алмалы ауданында орналасқан. Ал ақылы тротуар тұрақтары осы ауданда көптеп орналасыпты. Тұрғындардың басым көпшілігі бұл өзгерісті қабылдай алмай, көлік қоятын орын таба алмай сандалып жатыр. 

Менің жұмыс орнымда көлік қоятын орын кішкентай. Жұмысшылардың ешбірі қоя алмайды. Бұрындары осы тротуарға қоятын едік, енді, міне, мынадай өзгеріс орын алды. Бұл дегеніңіз –жайдан-жай қалтаны қағу. Күніге 1000 тг тұраққа қалдырсам, отбасыма жалақым жетпейді. Сонда бір айда тұраққа 30 мың теңге төлеймін бе? Мәселен, біздің үйімізде тек мен жұмыс істеймін. Ал жұбайым балаларды қарайды. Сол себептен қашып-пысып, әртүрлі жерлерге қойып кетіп жүрген жайымыз бар. Сол себептен бұндай өзгеріс жасар алдында халықтың да қалтасына назар аудару керек еді. Менің үйім қала сыртында болғандықтан, көлікпен жүруім тиімді еді. Дегенмен автобуспен жүрсем, үш рет ауысып отыруым керек, – дейді Бауыржан Тұрғынбай есімді көлік жүргізушісі. 

Дегенмен қала тұрғындарының кейбірі осы өзгерістің арқасында тротуар кеңейіп, қаптаған көліктердің санын азайғанын айтып, өз қуаныштарын білдіріп жатыр. 

 Мен де осы Алмалы ауданында жұмыс істеймін. Дегенмен қоғамдық көлікті пайдаланамын. Жол бойында қаптаған көліктерді көп көретінмін. Ал енді ақылы тұрақ жасағалы бері ешкім көлік қоймайтын болды. Дегенмен көлік иелерін де түсінуге болады. Сол себептен қалада көп қабатты көлік тұрағын салу керек. Жұмыс орындарының қасында осындай тұрақ болса, ешкім көрінген жерге көлігін қоймас еді. Жол бойында да қорықпай жүре беретін едік, – дейді Әсемгүл Насырқызы. 

Еске сала кетейік, Алмалы ауданында 27 аймақ, 6504 тұрақ орны жұмыс істей бастады, оның ішінде 454-і – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін. Ақылы тротуар тұрағының жұмыс тәртібі: күн сайын сағат 8: 00-ден 19:00-ге дейін. Бір сағаттың құны 100 теңге. Уақытты есептеу көлік құралының тұрақ аймағында тоқтаған сәтінен басталады. Тұрақ ақысын алғашқы 15 минут ішінде төлеу қажет.

Біз осы мақаланы жазарда көптен адамдарды сөзге тартуға тырыстық. Тротуар тұрақтарында көлік қойған адамдарды сөзге тартқанымызда, мүлдем хабарсыз екенін, тұраққа ақша төлемегенін айтып жатты. Осы ретте айта кетерлігі, ақылы тұрақ үшін төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл 3 АЕК құрайды (ҚР 597-бабы, 4-1-бөлімі). Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын естен шығармаған жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы