Алматыдағы аптап ыстық ауаның ластануын күшейтіп жатыр – сарапшылар
Әсіресе жаз мезгілінде бұл құбылыс күшейеді.
Алматыда бірнеше күннен бері сақталған аптап ыстық ауа сапасына кері әсер етіп жатыр. Almaty Air Initiative қорының сарапшыларының мәліметінше, жоғары температура мен көлік қозғалысының көптігі жерүсті озонының (O₃) түзілуін күшейтеді. Бұл – адам денсаулығына қауіпті газ тәрізді ластаушы заттардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қор сарапшыларының түсіндіруінше, күннің қатты қызуы кезінде автокөліктерден бөлінетін азот оксидтері (NOₓ) мен ұшпа органикалық қосылыстар (VOC) химиялық реакцияға түсіп, жерүсті озонын түзеді. Әсіресе жаз мезгілінде бұл құбылыс күшейеді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Алматыдағы азот диоксидінің (NO₂) орташа жылдық концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған деңгейден төрт еседен астам жоғары. Ал дәл осы азот диоксиді жерүсті озонының түзілуіне негізгі әсер ететін заттардың бірі саналады.
Жерүсті озонының зияны қандай?
Сарапшылардың айтуынша, жерүсті озоны тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, адам ағзасына бірқатар кері әсер етеді. Атап айтқанда:
-
жөтел мен тамақтың ашуына;
-
өкпе қызметінің әлсіреуіне;
-
демікпенің (астманың) асқынуына;
-
жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсуіне себеп болуы мүмкін.
Аптап ыстықта бұл әсерлердің күшейетіні айтылды.
Қауіп кімдер үшін жоғары?
Мамандар күні бойы ашық аспан астында жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына қауіп жоғары екенін ескертеді. Олардың қатарында:
-
жол жұмысшылары;
-
құрылысшылар;
-
курьерлер;
-
көше тазалаушылары;
-
жол қозғалысын реттеушілер;
-
ашық базарлар мен сауда орындарының қызметкерлері.
Сонымен қатар ашық ауада жаттығатын спортшылар, балалар, егде жастағы адамдар және өкпе мен жүрек аурулары бар азаматтар да қауіп тобына кіреді. Сарапшылар адамның тынысы жиілеп, тереңдеген сайын ағзаға ластанған ауа да көбірек енетінін атап өтті.
Сарапшылар қандай сақтық шараларын ұсынады?
Almaty Air Initiative қоры тұрғындарға аптап күндері:
-
дене жаттығуларын таңертеңгі салқын уақытта жасауды;
-
салқын ғимараттарда көбірек болуды;
-
көлікте терезені жауып, ауаны ішкі айналым режиміне қосуды;
-
үйді таңертең ерте желдетуді;
-
балалармен автожолдардың маңындағы ойын алаңдарында ұзақ серуендемеуді ұсынады.
Мамандардың айтуынша, кәдімгі медициналық маскалар мен тіпті N95 респираторлары да газ тәрізді озоннан қорғай алмайды.
Ластану тек жол жиегімен шектелмейді
Зерттеуде көлік көп жүретін жолдардың маңында азот оксидтері озонның бір бөлігін уақытша ыдыратуы мүмкін екені айтылған. Алайда ауа массалары қозғалып, фотохимиялық реакциялар жалғасқан сайын жерүсті озонының мөлшері көлік көзінен алыс аумақтарда да артуы ықтимал. Сондықтан ірі жолдардан алыста орналасқан аудандарды автоматты түрде қауіпсіз деп санауға болмайды. Ауа сапасын нақты бағалау үшін тұрақты өлшеу жұмыстары қажет.
Ауа сапасын бақылау желісі кеңейтілді
Қордың мәліметінше, жаздың басынан бері серіктестерімен бірге Алматыдағы ауа сапасын бақылайтын желі кеңейтілген. Жаңа станциялар енді тек PM2.5 ұсақ бөлшектерін ғана емес, сондай-ақ азот диоксидін (NO₂), жерүсті озонын (O₃), көміртек тотығын (CO) және күкірт диоксидін (SO₂) де өлшейді.
Қазіргі уақытта датчиктер сынақтан өтіп жатыр. Тестілеу аяқталғаннан кейін нақты өлшеу нәтижелері арнайы бақылау тақтасында жарияланады.
Сарапшылар жерүсті озонының деңгейін төмендетудің негізгі жолы – көлік шығарындыларын азайту екенін айтады. Ол үшін автопаркті жаңарту, экологиялық талаптарға сай көліктердің үлесін арттыру, катализаторлардың жарамдылығын бақылау, шығарындыларға тиімді экологиялық бақылау жүргізу және қоғамдық көлік пен электр көліктерін дамыту қажет.