Алматыда +41 градус ыстық күтіледі: Биыл 43 жылғы рекорд жаңаруы мүмкін
Қалада 1983 жылы тіркелген тарихи температура рекорды да жаңаруы мүмкін.
Қазгидромет мамандары Алматыда биылғы жаз ерекше ыстық болуы мүмкін екенін айтты. Синоптиктердің болжамынша, кей күндері ауа температурасы 41 градусқа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, мамандар 1983 жылы тіркелген тарихи температура рекорды да жаңаруы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр. Бұл жайлы «Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаев мәлімдеді.
Алматыда жаз басы әдеттегіден ыстық болады
Маманның айтуынша, көктем аяқталғандықтан, синоптиктер қазір ұзақмерзімді жазғы болжамға сүйеніп отыр. Оның сөзінше, жаздың басында Алматыда ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 1-1,2 градусқа жоғары болады.
Маусым айының кейбір күндерінде күндіз ауа температурасы 36-41 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, - деді Кисебаев.
Алайда синоптик бұл бүкіл жаз бойы күн сайын аптап ыстық болады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Соған қарамастан, қатты ыстық кезеңдері жиілей түсетінін айтты.
Маман тұрғындарға демалыс, сапар және ашық ауадағы жұмыстарды жоспарлау кезінде ауа райын ескеруге кеңес берді.
Шілде мен тамыз қандай болады?
Дәулет Кисебаевтың айтуынша, шілде мен тамыз айларында Алматыдағы ауа температурасы жалпы климаттық норма шамасында болады. Жауын-шашын мөлшері де қалыпты деңгейде күтіледі.
Дегенмен Алматы қаласы мен Алматы облысының таулы аймақтарында шілдеде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Синоптик маусымдық болжам нақты күндерге арналған ауа райы емес, жалпы тенденцияны көрсететінін түсіндірді. Оның сөзінше, Алматы үшін ең құрғақ айлар дәстүрлі түрде шілде мен тамыз саналады.
Ал сәуір, мамыр және маусымның басында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, екпінді жел және ауа райының жиі құбылуы қалыпты құбылыс.
Биыл рекорд жаңаруы мүмкін
Маман климат әлі өзгеріп жатқанын және экстремалды құбылыстар саны көбейіп келе жатқанын айтты. Кисебаевтың мәліметінше, Алматыдағы жазғы температураның абсолютті рекорды 1983 жылы тіркелген. Сол кезде ауа температурасы +43 градусқа жеткен.
Биыл жаздың бір күні 1983 жылғы рекорд жаңаруы мүмкін, - деді ол.
Ауа райының тұмшаға әсері
Синоптик аптаптың Алматыдағы ауа сапасына да әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, қатты ыстық көбіне бұлтсыз әрі желсіз күндері байқалады. Мұндай жағдайда атмосферадағы зиянды заттар нашар таралып, ауада көбірек жиналады.