Алматыдағы апат: Автобус жүргізушісінің кінәсіздігі дәлелденді
Алматыда автобустардың қатысуымен болған жол апатына қатысты соңғы сот отырысы өтті, деп хабарлайды қаладағы BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, өткен жылдың 8 қарашасында Төле би мен Абылай хан көшелері қиылысында екі автобус соқтығысып, жол апаты болған еді.
Айыпталушының адвокаты №201 автобус жүргізушісінің сот отырысына қатыспағанын айтты. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына қатысы бар №98 автобус жүргізушісінің кінәсіздігін бәйнетаспадан байқауға болатынын атап өтті.
Бейнетаспадан көргенде Абсадықовтың көлігі жол қиылысына келген кезде, бағдаршамның сары түсі жанған сәтте ешқандай кедергі болмады. Жол қиылысы бос болды. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын. Абсадықовтың бұл кезде жүру жылдамдығы 38 шақырымды құраған болатын. Ешқайда асыққан жоқ. Қандай да бір жол ережесін бұзған жоқ. Бейнетаспадан көргеніміздей, Абсадықов жол қиылысын кесіп өткен кезде, Төле би көшесінде солтүстік бағытқа қарай жүрген жаяу жүргінші де қозғалысын аяқтамаған болатын. Осы жағдайлардан менің қорғауымдағы Абсадықовтың іс-әрекетінен қандай да бір қауіп туғызатындай іс-әрекетті байқап тұрған жоқпын. Керісінше, жүргізуші еңбек өтілі көп тәжірибелі жүргізуші, - деді ол.
Сонымен қатар ол Азатжан Абдулаевтың басқаруындағы №201 автобустың, айнасы да үлкен екенін, әлдеқайда жоғары жылдамдықпен ызғытып келген сәтте сағатына 49 шақырым жылдамдықпен келіп соғуында түсініксіз жайттар көп екенін айтты.
Ол жолға қарамай, меңіреу күйде аса қатты жылдамдықпен келді. Сөйтіп тоқтап тұрған екі көліктің ортасынан өтіп, автобусты да соғып, адамды да басып-жаншып өлтірді. Мен автобуспен келіп, мопедті, жаяу жүргіншіні, самокатты басып кетсе, түсінер едім. Бірақ ешқандай кедергі жоқ, боран соғып тұрған жоқ. Түнгі уақыт емес. Үлкен жолдың қиылысында үлкен автобусты соғуы түсініксіз. Құрметті сот, сіз сот басталған кезде №201 автобустың жүргізушісіне: «Сіз негізгі куәгерсіз, сізге қатысты үлкен мәселелер болуы мүмкін. Сондықтан сіз сот отырысының барлығына келіңіз» деп айтқан болатынсыз. Бірақ 2-3 сот отырысынан кейін сот отырыстарына қатысқан жоқ, - деді адвокат.
Ол осының өзінде жүргізушінің жауапкершілігі жоқ екендігін, сотқа деген құрметінің жоқ екендігін көруге болатынын айтты. Ол тергеуді объективті түрде жүргізуді сұрады.
Тергеп-тексеру кезінде №201 автобус жүргізушісінің кінәлі болып қалуы мүмкін деген сараптамаларды өткізген жоқ. Кісі өлімі болып, бірнеше адам жарақат алып жатқан кезде, тергеуді объективті түрде жүргізу керек. Тіптен менің қорғауымдағы Абсадықовқа ішіп алды ма, шегіп алды ма деген күдікпен қан талдауын жасаған. Ал Азатжан Абдуллаевқа қатысты бірде-бір сараптама жасалмады. Осының өзінде де Азатжан Абдуллаевқа қандай да бір қорғаншылық жасалды деген күмәніміз бар, - дейді адвокат.
Жарыссөз барысында жол-көлік оқиғасына байланысты екі схема жасалғаны анықталды. Дегенмен екеуі де №98 автобус жүргізушісінің қатысуынсыз өткен. Тек №201 автобус жүргізушісінің айтуымен жасалған.
Абсадықовтың жұбайы Гүлзира осы апат болған сәттен бастап жолдасының кінәлі еместігін айтып келеді.
Осы апат болған сәттен бастап жолдасымның кінәлі еместігін айтқан болатынмын. Және сол сөзімді бүгін тағы да қайталаймын. Мен ҚР Заңын сыйлайтын Қазақстан азаматы болғандықтан, әділдікті талап етемін. Құрметті сот, менің жолдасым оқиға орын алған сәттен бастап өзінің жасыл түспен жүргенін айтқан болатын. Бірақ оның сөзіне осы құқық қорғау органдарынан ешкім сенбеді. Оқиға орын алған сәттен бастап құқық қорғау органдары менің жолдасымды кінәлі деп тауып, ауруханада жағдайы нашар болса да, күзетпен ұстады. Қаншама куәгер бар. Сол оқиғаны өз көзімен көрген басқа да жәбірленушілер бар. Алматы қаласындағы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек менің жолдасымды бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жүрісін ары қарай жалғастырып, жаяу жүргіншілердің бірін басып өтті деген жалған ақпарат таратқан еді. Сондай-ақ көлік апатына байланысты бір емес, екі схема жасалған. Схема Абдуллаевтың көрсетуі бойынша жасалып, Азатжан Абдуллаевтың қолы қойылған. Және оқиға қалай болды, көліктер қай жерде соғысты деген екінші схема да тағы сол кісінің айтуы бойынша жасалған. Ал ол схемалардың бірде-біреуін менің жолдасыма көрсетпеген, тек оны айыптау актісіне қол қояр кезде, бірақ көрген. Менің жолдасымнан оған дейін тіпті сұрамаған да, тек мақсаттары қаралау болған. Сол себепті барлығы дұрыс ескерілсе екен деймін, – деді Гүлзира.
Әлеуметтік желіде Төле би мен Абылай хан көшесінің қиылысында бағдаршамның ақауы орын алған бейнеролик көбейген еді. Бұл жол апатының болуына осы бағдаршамның дұрыс жұмыс істемеуі әсер еткен.
Қиылыстағы бағдаршамның ақауы бар. Мен өзім бірнеше рет барып қарадым. Ол туралы сізге тек менің ғана емес, осы қоғам белсенділерінің, блогерлердің және журналистердің арнайы осы қиылысты бақылап жүріп түсірген видеоларының барлығын сізге әкеліп бердім. Ол осы іс-құжаттардың арасында бар және сол видеолардың астында жазылған пікірлердің көпшілігінен байқауға болады. Бұл істе Азатжан Абдулаевтың әрекетінің дұрыс еместігін айтып және ол жердегі бағдаршамның расында да дұрыс жұмыс жасамайтындығын жазып отырды, - дейді Гүлзира.
Жұбайының айтуынша, отбасының жалғыз асыраушысы болып табылған айыпталушының 3 баласы бар. Көлік жүргізуші қызметінде 10 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Таңғы сағат төрт-бестен тұрып, бала-шағасы ұйықтап жатқанда кетіп, кеште ұйықтап қалғанда келетін. Ондай өмір кімге ұнайды?! Ол қаншама жыл мектепте бухгалтер болып жұмыс істеген адам. Амалдың жоқтығынан осы балаларымыз жақсы өмір сүрсін деп көлік жүргізушісі болды. Отбасымыздағы жалғыз асыраушымыз - осы менің жолдасым. Менің жағдайымды жасап, бала-шағамыздың ешқандай кедергісіз жақсы білім алуына барын салды. Барлығын қамтамасыз етіп отырған осы менің жұбайым болатын. Болашақта жолдасымның құжаттарында сотталған деген құжат болмаса екен деймін. Менің балаларым сондай талантты, тәрбиелі. Кішкентай болса да, солардың болашақта тағдырларына таңба түспесе екен, - дейді жұбайы.
Айыпталушы өз сөзінде тергеу және тексеру барысында өзінің жазықсыз айыпталып отырғанын атап өтті.
Жол-көлік оқиғасының бейнетаспаға түскені көңілімдегі қайғыны сейілтеді. Себебі, ауыр зардапқа тікелей кінәлі адамның кім екенін осы бейнетаспадан-ақ көруге болады деп ойлаймын. Бағдаршамның түсінің бір-біріне келмейтіні және Мұхит Исахановты басып өлтірген Азатжан Абдуллаев екенін бейнетаспадан көруге болады. Тергеушілер Жастүлек Даутбаев пен Жомарт Мұқашевтың тергеулері біржақты жүріп, маған айып тақты. №201 автобус жүргізушісі Азатжан Абдуллаевты судан таза, сүттен ақ жасады. Істің ақ-қарасын анықтайтын тиісті сараптамалар жасамады. Тергеу тек мені кінәлі деп табу мақсатында жүргізілді. Мені күдікті деп есептегендері дұрыс емес. Тергеушілер адамдардың тағдырын түкке тұрғысыз етіп санады. Үш сараптаманың екеуі Азатжан Абдуллаевтың тежегішті басуына мүмкіндігі болды деп жауап берсе де, есепке алынбай қалама деп күдіктенеміз, - дейді айыпталушы.
Жарыссөз кезінде №201 автобус жүргізушісінің қиылысқа келгенде қиылыстың бос екендігіне көз жеткізбегені анықталды.
Жол қозғалысы ережесінің 5-бөлімінің 14-тармағына сәйкес, сары түс жанған кезде, егер бағдаршамның жасыл түсін қамтамасыз етпеген жағдайда, тежегішті тоқтата алмаған жүргізушілерге 13-тармаққа сәйкес жүруге рұқсат етеді. Жол қозғалысы ережесінің 10-бөлімі 8-тармағына сәйкес, бағдаршамнан рұқсат беретін сигналы кезінде жол қиылысына кірген жүргізуші жол қиылысына шығу туралы бағдаршамға қарамастан белгілі бағытқа шығады. №201 қоғамдық автобустың жүргізушісі Азатжан Абдуллаев жол қозғалысы ережесінің осы тармағын өрескел бұзған. Осы бөлімнің үшінші тармағына сәйкес, жүргізушіге жолды шектейтін жол-жөнекей жүріп бара жатқан көлік құралдарының алдына түсуге тыйым салынады. Ал №201 қоғамдық көлігінің жүргізушісі Азатжан Абдулаев осы ережені дөрекі бұзып, айналасындағыларға жоғары қауіп туғызатын үлкен жылдамдықпен ортаңғы жолақпен келіп, сол және оң жағындағы көршілес жолақтағы автокөліктердің тоқтап тұрғанына мән берместен, қауіпсіздікке көз жеткізбей, жүрісін жалғастырып, жол-көлік оқиғасын жасады, - дейді айыпталушы.
Еске салайық, аталған іс бойынша сот үкімі дүйсенбі күні сағат 10:00-де шығарылады.