Алматыдағы алғашқы қар: 6 адам зардап шекті
Алматыда өткен түнгі қардың салдарынан 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Полицияның дерегінше, 4 қарашаның сағат 18:00 кешінен 5 қарашаның 06:00 таңына дейін қалада 17 жол апаты болған. Қайтыс болғандар жоқ, бірақ алты адам түрлі жарақат алды.
Көп жағдайда апаттың себебі – арақашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және жүргізушілердің зейінсіздігі.
Алғашқы қар дәстүрлі түрде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін сынаққа айналады. Мұндай кезде жолдың беті тайғақ болып, тежеу қашықтығы ұлғаяды. Алайда көптеген көлік иелері бұрынғы жылдамдықпен қозғалып, ауа райы мен жол жағдайын ескермейді. Барлығын барынша сақ болуға, жылдамдықты төмендетуге және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз, – деді Қоғамдық қауіпсіздік басқарма басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция көлік жүргізушілеріне көліктерін қыс маусымына дайындап, техникалық жүйелердің жұмысын тексеруге және жазғы шиналарды қысқыларға ауыстыруға кеңес берді.
Жаяу жүргіншілерге де жолды кесіп өтерде мұқият болу, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану және жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өту қажеттігі ескертілді.
Алматы әкімдігі коммуналдық қызметтердің көшелерді қардан тазалау жұмыстарын аяқтағанын хабарлады.
Қар сейсенбі күні сағат 20:00-де басталған. Қаланың өзінде қардың қалыңдығы шамамен 1 сантиметр, ал таулы аудандарда – 10 сантиметрге дейін жетеді.
Қазір қала көшелерінде 918 арнайы техника және 2 550 жол жұмысшысы тәулік бойы еңбек етуде.
Тайғаққа қарсы материалдармен магистральдар, көпірлер, жолайрықтар, еңістер, тротуарлар мен аялдамалар өңделуде. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі, – деді әкімдікте.