Кеше 2026, 15:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыда жылу жүйесін басқаруға жасанды интеллект тартылады

Жаңа «ақылды» жүйе жылу желілеріндегі ақауларды онлайн анықтап, апаттардың алдын алуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Алматыда жасанды интеллект қолданылатын «ақылды» жылумен қамту жүйесін 2026 жылдың желтоқсанына дейін толық енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы мегаполис әкімдігі хабарлады.

Жаңа жүйе деректерді онлайн талдау негізінде жұмыс істейді. Ол нақты уақыт режимінде жылу желілеріндегі ақаулар мен су ағуын анықтап, проблемалы учаскелерді белгілеп, зақымданған бөліктерді қашықтан ажыратуға мүмкіндік береді.

Бұл жылу мен су шығынын азайтып, апаттарға жедел әрекет етуге көмектеседі, – дейді қала әкімдігі.

Бұдан бөлек, қалада коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазіргі уақытта SCADA және ЛЭРС жүйелері жылумен қамту нысандарының жұмысын қашықтан бақылауды және есептеу құралдарынан деректерді автоматты түрде жинауды қамтамасыз етіп отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл басқару дәлдігін арттырып, жүйенің сенімділігін күшейтеді.

2026 жылы 13,5 шақырым газ құбырын, 10 шкафтық газ реттеу пунктін және 16 электрохимиялық қорғаныс құрылғысын жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар жаңа абоненттерді газбен қамту жүйесіне қосу жалғасады, – деді әкімдік.