10 Қараша 2026, 11:31 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда жылу төлеміне қатысты өзгеріс енгізілмек

2026 жылдың қарашасынан бастап Алматы тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін берілетін түбіртектегі жылу ақысының көрсетілу тәртібі өзгереді. Енді төлем құжаттарында жылудың бір шаршы метрге шаққандағы теңгемен есептелген сомасының орнына тұтынылған жылу көлемі гигакалориямен (Гкал) көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Компанияның түсіндіруінше, жылу тарифі бір гигакалория үшін белгіленеді. Бұған дейін түбіртекте төлемнің жалпы сомасы пәтердің бір шаршы метріне шаққандағы есеппен көрсетіліп келген.

Ал нақты тұтынылған жылу көлемі көпқабатты үйге орнатылған ортақ есептеу құралының көрсеткіштері бойынша анықталады. Бұл көрсеткіш әр үйде және есептік кезеңге қарай әртүрлі болуы мүмкін.

Жаңартылған түбіртектегі «Жылыту» бөлімінде енді үш көрсеткіш көрсетіледі:

  • Тұтынылған жылу көлемі – гигакалориямен (Гкал);

  • Тариф – бір гигакалорияның құны;

  • Есептелген төлем – жылу үшін төленуге тиіс жалпы сома.

Жаңа формат тұрғындарға жылу ақысының қандай көрсеткіштер негізінде есептелетінін көруге мүмкіндік береді. Яғни тұтынылған жылу көлемін, оның тарифін және соңғы төлем сомасын жеке-жеке бақылауға болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық су мен суық судың сапасына шағымданып, көмек сұраған болатын.