Алматыда жыл соңына дейін 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады
Алматыда 924 мың тұрғын спортпен белсенді айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда тұрғындарды спорттық іс-шараларға қатыстыру 42%-ға дейін өскен.
Мегаполисте спорт инфрақұрылымын құру жұмыстары жалғасып отыр. Биыл мегаполистің Түрксіб, Медеу, Алатау аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Жаңа нысандар күн сайын барлығы 2000-нан астам адамды қабылдай алады.
Сонымен қатар, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығы, жеңіл атлетика манежі, «Медеу» БТСК жаңғырту және Орталық стадионның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізілуде.
Спорт басқармасының мәліметінше, 2023 жылы спортпен тұрғындарды қамту 42% болды, бұл 924 000 тұрғын. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 37% еді Өткен жылы барлығы 3 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді.
Бұған қоса, салауатты өмір салтын ұстануға және бұқаралық спортты қолдауға қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп отыр.
2023 жылы спорттың 64 түрі бойынша 31 мыңнан астам бала тегін спорт секциясымен қамтылды. Айта кетейік, 4-17 жас аралығындағы қала тұрғындары спорт секцияларына тегін қатыса алады.
Сонымен бірге, жалпы саны 32 мыңнан астам адамды қамтитын командалық спорт түрлері бойынша (шағын футбол, баскетбол, волейбол) мектеп және студенттер лигасы құрылды.
Сала мамандарын кәсіптік даярлау бойынша да жұмыс жалғасып келеді. 2023 жылдың басынан бастап 44 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 166 спорт шебері, 1895 спорт шеберіне үміткер және 848 бірінші дәрежелі спортшы дайындалды. 12 спорт түрінен 23 адам (таеквондо, әйелдер боксы, жеңіл атлетика, оқ ату, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, байдарка мен каноэде есу, спорттық гимнастика, семсерлесу, стендтік ату) олимпиадалық лицензияларды жеңіп алуға үміткер атанды.
Белгілі болғандай, қалада барлығы 3703 спорт нысаны жұмыс істейді.