Алматыда жыл соңына дейін 16 жатақхана пайдалануға беріледі
Алматыда жыл соңына дейін 16 жатақхана пайдалануға беріледі. Қазір жетеуінде студенттер жайғасқан, ал тоғызы жаңа жылға дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздің белді оқу орындарының басым бөлігі Алматыда болғандықтан, жыл сайын түлектердің дені білім алу үшін осында ұмтылады. Сондықтан тұрғын үй мәселесі әрдайым өзекті. Былтыр Алматыда жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру үшін студенттік жатақханалар құрылысы бойынша жобалық кеңсе іске қосылған. Өткен жылы 14 жатақхана пайдалануға берілсе, биыл 16 студенттер үйі жүзеге асырылып жатыр. Мегаполисте 2 жылда қолға алынған жоба арқылы 8000-нан аса студент төсек-орынмен қамтылған.
Аталған механизм жатақхана тапшылығын шешуге айтарлықтай үлес қосады. Яғни инвесторларға мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа құрылыс үшін 6 жылда 230 айлық есептік көрсеткіш және қолданыстағы ғимаратты қайта жаңғыртқанда 8 жыл бойы 92 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қарастырылады. Құрылыс салушы жеке немесе қарыз қаражаты есебінен құрылысты жүзеге асырады. 1 терезе қағидатына сәйкес, кеңседе университеттерге, құрылыс компанияларына және мердігерлерге кеңес беріледі, - деді "Қаржы орталығы" АҚ Алматы қаласындағы өкілдіктің директоры Ұлан Өтебаев.
Айта кетейік, Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Оның 63 пайызы – өзге өңірлерден келгендер. Қаладағы 112 студенттік жатақханада 36 мыңнан аса студент тұрады. Жобалық кеңсе аясында күрделі жөндеу жұмысынан өтіп жатқан немесе салынып жатқан ғимараттарда қауіпсіздік ержелерінің сақталуы және білім алушыларға жағдайдың жасалуы қатаң бақылауда. Сондай-ақ мұндағы баға да студенттер үшін қолжетімді болуы керек.
Әлеуетті инвесторларға басынан бастап жатақхана пайдалануға берілгенге дейін демеу боламыз. Жедел заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетіледі. Жоба іске қосылғалы 120-дан аса инвестордан өтінім түсті. Қазір оның 70-ке жуығы қолға алынған, – деді "Студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі" жобасының жетекшісі Дамир Құтымов.
Жастардың жағдайын жасау үшін кем-кетігімізді айтып отырды. Құрылыс жұмыстары бітіп қалды, – деді инвестор Шайгүл Қабылова
Қазір жөндеу жұмысы жүріп жатқан 100 орындық жатақхана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоба аясында бой көтерген мекемеде студенттердің күнделікті жүріп-тұруы үшін барлық қажетті жағдай жасалмақ. Қазірдің өзінде жатақхана оқу орындарымен алдын ала келісім жүргізуді бастап кеткен.
Кеңсе жұмысының аясында қосымша орындарды тарту үшін хостелдер, қонақ үйлер мен бизнес орталықтарына ақпараттық науқан жүргізіледі. Жаңа жатақханаларды қолданысқа беру және студенттердің тұруына қолайлы жағдай жасау алдағы уақытта да жалғасын табады. 2026 жылы 30 мыңға жуық төсек-орны бар 26 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.