Алматыда жыл басынан бері құрғақ шөптердің 295 жану дерегі тіркелген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстардың жану дерегі толастамай тұр. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Арман Байгелов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, 30 градус ыстықта құрғақ шөптердің жану оқиғалары шұғыл шараларды жүргізуді талап етіп отыр. 
Жыл басынан бері Алматы аумағында ашық аймақтарда жалпы көлемі 35 гектардан астам  құраған шөптер мен қоқыстардың 295 өртену жағдайы тіркелді. Құрғақ шөптер мен қоқыстардың өртенуі жақын маңдағы тұрғын үйлер, жағармай құю бекеттері, құрылыстар мен бекеттерге таралып қауіп төндірумен қатар материалдық шығынға әкеледі,-дейді ол. 

Осы жылдың 16 наурызында бір күннің ішінде қала аумағында 21 өрт болған. Олардың ішінде ең ірі өрт Медеу ауданы Ынтымақ ықшамауданында және Түркісіб ауданы Қайрат ықшамауданында болған. Аталған аудандарда болған өрттің әрқайсысының жану алаңы 30 мың шаршы метрді құрады. 

20 шілде күндізгі уақытта Алатау ауданы Томирис ықшамауданында жанған құрғақ шөп 5 мың шаршы метр алаңды қамтып, тұрғын үйлерге таралу қаупі туындады. Өртті сөндіруге 25 өрт сөндіруші және 5 техника жұмылдырылды. Дәл осы күні Медеу ауданы Құлжа тас жолының жанында жанған құрғақ шөптің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрады. 21 шілде күні өрт сөндірушілер Алатау және Наурызбай аудандарында жалпы аумағы 600 шаршы метрден асатын 3 өрттің алдын алды,-дейді полковник. 

Жыл басынан бері Алатау ауданында 89 өрт оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 28% төмен. Түркісіб ауданында – 81, Медеу ауданында – 48, Жетісу ауданында – 21, Бостандық ауданында – 18, Наурызбай ауданында – 26 оқиға тіркелген.
Өрттің алдын алу үшін қаланың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп көлік жолдары мен темір жолдарына минералды жолақтар жасалды. Одан бөлек тұрғын үй ғимараттары маңайындағы құрғақ шөптер шабылып, тазалық жұмыстары жүргізілді,-дейді Арман Байгелов. 
Алматы ТЖД-сі қала тұрғындары мен қонақтарын құрған шөптерге темекі қалдықтарын тастамауға, құрғақ шөптердің жанында өрт жақпауға және сынған шөлмектердің қалдықтарын тастамауға шақырды. Егер құрғақ шөптерді қасақана өртеу жағдайы анықталса азаматтар жауапқа тартылады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы