Алматыда жыл басынан бері 1 173 ЭКО процедурасы жасалған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Медициналық сақтандыру Алматы қаласы Денсаулық сақтау саласының бюджетін едәуір арттыруға мүмкіндік берген. 

2021 жылы бұл салаға 244,6 млрд теңге қарастырылған. Оның 158,3 млрд теңгесі тегін медициналық көмек пакетіне, 88,3 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Салыстырар болсақ, биыл жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру деңгейі 2,1 млрд теңгеге артып отыр. Яғни 2020 жылы аталған операцияларға 11,8 млрд теңге жұмсалған болса, биыл 13,9 млрд теңге жұмсау көзделген.

Қолжетімділігі артқан қызметтің бірі экстрокорпоралды ұрықтандыру, яғни ЭКО процедурасы. 2020 жылы барлығы 643 монепуляция жасалып, оған 563 млн теңге бөлінген. Ал биыл ЭКО бағдарламасына 3,1 млрд теңге қарастырылған. Аталған сомаға 3 245 жасанды ұрықтандыру процедурасы жасалуы тиіс. Яғни қызмет көлемі 5 есе артып отыр. Биыл бастапқы алты айда 1 173 ЭКО процедурасы жасалып, оған 1,1 млрд теңге жұмасалды, - деді Әбілдаев.

Сондай-ақ 2020 жылы жоғары технологияның көмегімен 184 кордиохирургиялық операция жасалған. Ал 2021 жылдың бірінші жартысында осындай 837 ота жасалып, оған 3,2 млрд теңге жұмсалған. 

Жалпы міндетті медициналық сақтандыру реабилитацияға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, оның қолжетімділігін арттырды. Соның арқасында биыл еліміз бойынша реабилитацияны қаржыландыру деңгейі сақтандыру енгізілгенге дейінгі деңгеймен салыстырғанда 9 есе артты. Алматы қаласында 2020 жылы реабилитация қызметіне 4,2 млрд теңге, 2021 жылы 7,7 млрд теңге бөлінген. Өсім екі есе, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы