Алматыда жүргізуші куәлігіне практикалық емтиханды қай жерде тапсыруға болады?

Алматы, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алматылықтар екі мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігіне практикалық емтихан тапсыра алатынын мәлімдеді.

Бұл №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (Алатау ауданы, «Саялы» шағын аудан, Аққайнар к-сі, 1) және №6 мамандандырылған ХҚКО (Жетісу ауданы, «Кемел» шағын ауданы, Ақсуат көшесі, 118). Олардың аумағында барлық нормативтік талаптарға сәйкес келетін автоматтандырылған автодромдар жұмыс істейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі №1 мамандандырылған бөлімінің автодромы 2013 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істейді, ал №6 мамандандырылған бөлімінің автодромы таяуда ашылды.

Осы жылдың мамыр айының соңында 1000 шаршы метр алаңда автоматтандырылған автодром ашылып, онда көлік құралын басқару құқығын алуға практикалық емтиханның бірінші кезеңі қабылданды. Бүгінгі таңда бөлім Алматы қаласының және Алматы облысының жақын маңдағы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Автодром ашылған күннен бастап 9 242 жүргізуші куәлігі берілді, - деп атап өтті филиал директоры Данияр Қырықбаев.

Алматы Мамандандырылған ХҚО-ларының автодромдарында жүргізу бойынша емтиханның практикалық бөлігін тапсыру кезінде адами факторды толығымен болдырмайтын заманауи электрондық бақылау жүйесі қолданылады. Ол арнайы техникалық құралдар мен құрылыстар кешенін қамтиды және А, В, С,D санаттарындағы жүргізушілердің көлікті басқару дағдыларын бағалау үшін пайдаланылады.

Барлық азаматтар практикалық емтиханды қалай тапсыратыны, автоматтандырылған автодром деген не және емтихан соңында баға қалай қойылатыны туралы нақты біле бермейді. Мұны түсіну үшін тәжірибе қажет. Көптеген жүргізушілердің жұмыс күндері оқуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, демалыс күні жаттығуға ниет білдірушілер үшін Саялы шағын ауданында орналасқан №1 мамандандырылған ХҚО-ның автодромы ашық болады, - дейді Данияр Батанұлы.

«Автоматтандырылған электрондық алаңда практикалық емтихан тапсыруға емтихан алды дайындықты жүргізу» мемлекеттік қызметін пайдалану үшін, азамат оқу күніне дейін 2 күн бұрын мамандандырылған ХҚО-ға жүгінуі және қызмет көрсетуге шарт жасасуы қажет. Бұл ретте өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болу керек.

Болашақ жүргізушілер мұнда көлік құралын басқару дағдыларын бақылау мен бағалаудың электрондық жүйесімен жабдықталған мамандандырылған ХҚО автокөліктерін пайдалана алады.

Қырықбаевтың айтуынша, автодромдарда тәжірибелі нұсқаушылар жұмыс істейді, олар жабдықталған автодромда және жол-көлік желісінде автокөлік жүргізу бойынша кәсіби дағдыларға ие болуға көмектеседі. Мұнда сіз міндетті емтихан элементтерін жасай аласыз.

Жыл басынан бері Алматының екі мамандандырылған ХҚО-сында 100 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілген, олардың 60 мыңнан астамы автодромдарда емтихан тапсыру нәтижесінде алынған.

Автодромдардың жұмыс кестесі дүйсенбіден сенбіге дейін 9:00-ден 18: 00-ге дейін. (жексенбіде тек №1 мамандандырылған ХҚКО-да 9-дан 18.00-ге дейін автодром жұмыс істейді).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы