29 Шілде 2026, 22:05 Фото: depositphotos.com

Алматыда жүк көлігі пойызбен соқтығысып, жүргізуші ауруханаға түсті

​Алматы қаласының Полиция департаменті жол апаты Түрксіб ауданында болғанын мәлімдеді.

Алдын ала мәліметке сәйкес, КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде теміржол өткеліне шығып кетіп, тоғыз вагоннан құралған пойызбен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Ал КАМАЗ көлігіне едәуір механикалық зақым келген.

Қазір бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық Полиция басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталуда.

Полиция өкілдері теміржол өткелдерінің аса қауіпті аумақ екенін еске салды.

Теміржол өткелінде жіберілген бір ғана қателік ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін. Жүргізушілерден өткелден өту ережелерін қатаң сақтап, барынша сақ болуды сұраймыз, – деп мәлімдеді Полиция департаменті.