Алматыда жолдың қақ ортасында екі жүргізуші төбелесті
Кеше Түрксіб ауданында екі жүргізуші жанжал кезінде жолдың ортасында төбелесіп қалды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Видеода жолда кетіп бара жатқан көліктен түсірілген бейнежазбада екі ер адамның жұдырықтасып жатқаны анық көрінеді.
Оқиғаға қатысты жергілікті полиция пікір білдірді.
Әлеуметтік желілерде екі жүргізушінің жанжалы төбелеске ұласқан сәт бейнеленген видео тарады. Оқиға Алматы қаласының Түрксіб ауданында болған. Тексеру барысында жүргізушілердің кейін өзара татуласып, оқиға орнынан кеткені анықталды. Алайда олардың әрекеттері құқықтық тұрғыдан бағаланды, – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті.
Жолда көлік құралдарын тоқтату ережелерін бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін екі жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқықбұзушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Алматы полициясы барлық жол қозғалысына қатысушыларға ескерту жасайды: Кез келген дау-жанжалды заң аясында шешу қажет. Жолда мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.